1.02.2018, 12:06
Қараулар: 214
Әкім халық пікіріне баса назар аударуда

Әкім халық пікіріне баса назар аударуда

Шолақаңқаты ауылдық округі мен Алғабас ауылдық округтерінің орталығында әкімдердің есептік кездесуі өтті. Жергілікті тұрғындардың тыңдауына округ әкімдері Тимур Айтқалиев пен Мейірбек Хасановтың және Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің есептік баяндамалары ұсынылды.

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев өзінің сөзінде, былтырғы жылы округтің инфрақұрылымдық ерекшелігі кәдімгідей артқанын айтты. Әкім айтып отырған Аңқаты су қоймасының күрделі жөндеуден өтуі, Аңқаты және Тоғанас ауылдарына техникалық судың тартылуы, округ орталығы мен қарасты елді мекендердің көгілдір отын желісі мен жоғары сапалы ұялы интернетке қосылуы сияқты жұмыстардың межесіне жеткені жайлы біз де осыған дейін хабарлаған болатынбыз.

Былтыр жақсылыққа жарыған жалғыз округ Шолақаңқаты емес. 2017 жылдың жазында Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңаөңір және Сасықкөл елді мекендері де табиғи газды тұтынуға кірісті. Бұл туралы өзінің есептік баяндамасында Алғабас ауылдық округінің әкімі Мейірбек Хасанов айтты.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің де есептік баяндамасының тезистері ай бұрын аудандағы ресми басылымның бетінде жарияланды. Оның үстіне аудандағы есептік кездесулерде тұрғындарға Сырым ауданының 2017 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы мен өңірдің қоғамдық – саяси өміріндегі жаңалықтары туралы бейнебаян көрсетілуде. Сондықтан болар, аудан әкімі Төлеген Төреғалиев айтылған нәрселерді қайталап айтуды жөн көрмей, жиналыстардағы өзіне тиесілі уақытты халықтың ұсыныс – пікірін тыңдауға арнап жүр.

Ұсыныс – пікір дегеннен шығады, Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылындағы В. И. Шубин атындағы жалпы білім беретін мектепке күрделі жөндеудің керектігі жайлы ұсыныс әуелден бері көтеріліп жүр. Шаруаның жуық арада шешіле қоюы неғайбыл. Себебі, аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің айтуынша, аудан мектептерінің үштен бірі жөндеу қажет етіп тұр. Дәл осы мәселе бүгінгі күні Сарой мен Алғабас және Жосалы ауылдық округтерінің негізгі мәселесіне айналып отыр. Мектеп мәселесін алғабастықтар кешегі жиналыста тағы көтерді.

—        М.Қаналиев атындағы мектепке күрделі жөндеу керек. Мектепте балалар саны өсуде. Қазір екі ауысыммен білім алады. Бірақ, мектеп ескірді. Санитарлық желі де жоқ. Мен балаларымның жақсы мектепте білім алғанын қалаймын! – деді төрт баланың анасы алғабастық Фарида Қалешова.

В. И. Шубин атындағы мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Роза Ихсанова жөндеу жайлы жақсы жаңалық келгенше, аудан басшылығы мектептің терезелерін жаңарту жұмыстарын болса да атқара берсе екен дейді. «Әсіресе, мектептің спорт залының терезесін я жаңарту керек, я қымтау керек!» — деді бұл ұсынысты нақтылап «Қайсар» спорт клубының әдіскері Дастан Сейітжанов. Осы мектептің технология пәнінің мұғалімі Гүлжан Семғалиева технология сыныбы үшін жаңа құрал – жабдықтар алу туралы мәселе көтерді. Кабинеттің материалдық базасы 1965 жылдан бері жаңартылмаған.  Аудан әкімі мәселені мақұлдап отыр.

Жөндеу керек, жаңарту керек, айта берсең керек дүние көп. Мысалы, Тоғанастағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігі керек. Құспанкөл ауылындағы ауыз су құдықтарының бірі жаңа сусорғы қажет етіп тұр.

—        Жедел жәрдем көлігі болғанынан не пайда? Егер науқасқа уақытында медициналық көмек көрсетілмесе. – деп шағымданды Алғабас ауылының тұрғыны Таңсұлу Сартжанова. Бұл кісінің шағымы бойынша аудан әкімі жиналыстың ізін ала тиісті мамандарды жинап, жеке қабылдау өткізді.

Алғабастағы есептік кездесу негізінен елдік мәселелердің мінбеге шығуымен ерекшеленді. Ауыл қариялары Жүсіп Ақжанов, Әбіл Бахтияров ауылдағы мәдениет үйінің музыкалық аппаратын жаңарту, домбыра үйірмесін ашу, қоқыс айлағын қоршау және Алғабас ауылдық округінің тұсынан жанар – жағармай бекетін ашу сияқты біраз шаруа айтты.

Жергілікті мұсылман жамағатының атынан сөйлеген Расул Кенжеғалиев Алғабас ауылынан мешіт салу үшін жер телімін беруді сұрайды. Жер мәселесі шешілсе, ауыл адамдары өз күштерімен мешіт құрылысын бастағысы келіп отыр. Аудан басшысы өзінің жауабында жер мәселесін шешуге мүмкіндіктің бар екенін айтты. Ауылға мешіт салу бір шаруа болса, ауылға имам ұстаудың өзі – бір шаруа. Қазіргі күні аудандағы санаулы мешіттің өзі кадр тапшылығын сезініп отыр. Әкім халықтан сол мәселеге де мән беруді сұрады. Себебі, елде мешіт болғасын, қабырғасы қабырғаға қарап, қаңырап тұрмағаны жақсы.

Алғабас ауылдық округіндегі жиналысқа Ақжайық аудандық электр торабының өкілі Руслан Саниев қатысты. Саниев мырзаның айтуынша, округке қарасты Сасықкөл және Жаңаөңір елді мекендері бағытындағы электр желілері қадағалаудан өтеді. Осы сияқты Аралтөбе ауылдық округіне қарасты Қызылағаш елді мекенінде бағана ауыстыру жұмыстары жүреді. Аудандық мәслихаттың депутаты Санат Берсебаев жұмыстардың уақтылы орындалуына ықылас танытып отыр.

Округ орталықтарындағы есептік кездесулерде мемлекеттік саясаттың өкілдері де салалары бойынша ақпар беріп жатыр. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиев аудандағы мал басының тұқымдық түрленуін жаңа деңгейге көтеру керек деп есептейді. Мал басын асылдандыру әрі көбейту аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтың да ауызынан тастамайтын мәселесі. Себебі, мал шаруашылығы – ауыл үшін жаңа игіліктерді ашуда. Аудан әкімінің айтуынша, Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығына қарағанда оған қарасты елді мекендердің бірі Құспанкөлдегі мал басының саны үш есеге, ал Аңқатыдағы түліктің саны Тоғанасқа қарағанда екі есеге көп. Округ орталықтары мал басының көрсеткіштерін құлатпау керек. Малды өсіру, оны бордақылау, көбейту және асылдандыру – қазір мемлекет деңгейіндегі маңызда тұр.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Гумаров салықтық түсімдерді арттыру, көлеңкелі экономиканы жою туралы түсінік жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар БҚО әкімі Алтай Көлгіновтың бекітуімен іске қосылған «Салықтарды жинаудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда. Тұрғындар қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша туындаған сауалдарына аудандағы осы мәселеге жауапты басқарманың бөлім басшысы Ләззат Мұқанованың хабарламасынан жауаптар тауып жатыр.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегеннің үстіне дәлелдеуде. Қазіргі заманда «цифрланған азамат» уақыттан кәдімгідей ұтады.  1 SMS және 2 минут. Бүгінгі күні Электронды үкімет порталы арқылы 30 бірдей мемлекеттік қызметті алу үшін осы жеткілікті. Қалай портал тұтынушысы болуға болады әрі мемлекеттік қызметтің нақты қандай тізбесі ұсынылатыны жайлы тұрғындарға аудан әкімдігінің бас маманы Серікбол Тәжібаев түсіндіруде.

Жиналыстарды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Тоғанас – Алғабас