1.02.2018, 12:07
Қараулар: 193
Елтай мен Талдыбұлақтағы есеп

Елтай мен Талдыбұлақтағы есеп

Әкімдердің есеп беру жиындары Елтай және Талдыбұлақ ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

Жиынға аудан әкімі Т.Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, №9 Талдыбұлақ сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаты Т.Даргужиев қатысты.  Елтай ауылдық округінің әкімі Б.Иманқұлов 2017 жылғы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Аудандық ветеринария бөлімі басшысы Ш.Райсов округ бойынша мал дәрігерлік шаралар, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев аудан орталығында өткізілген ауылшаруашылық жәрмеңкесіне ауыл тұрғындары тұрақты ат салысып жүргендігін айтты. Сонымен қатар аудан әкімі аппаратының бас маманы С.Тәжібаев мемлекеттік көрсетілетін қызметтің маңыздылығы және “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы хақында тұрғындарға түсінік берді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Укиев ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, ауылға жедел жәрдем көлігі қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектеп жанынан күрес үйірмесін ашу мәселесі де қозғалды. Жиналысты қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы аталған мәселелерді қаперіне алып, шешу жолдары қарастырылатынын айтты.

Түстен кейін есеп беру жиналысы Талдыбұлақ ауылдық округінде жалғасты. Ауыл әкімі Ж.Мұхамбетжанов өткен жылғы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Округте мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетілген көмекті пайдаланып, ауыл тұрғындары қазіргі таңда мал басын арттыру, асылдандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы округтегі жұмыссыздықтың азаюына зор септігін тигізіп келеді. Талдыбұлақ округінде тұрғындардың денсаулығын қорғау және аурулардың алдын алу мақсатында жоспарға сай тексерулер тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар Қазақстан елді мекенінде су мұнарасы ауыстырылды. Баяндамадан соң №9 Талдыбұлақ сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаты Т.Даргужиев аудан әкіміне ауылдық кітапханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу, мектеп ғимаратына бу қазанын орнату, сонымен қатар округте спорт түрлерін дамыту мақсатында әмбебап спорт алаңын салу туралы ұсыныс білдірді. Ұсыныс – пікірлерден соң, аудан басшысы Т.Төреғалиев есептік кездесуді қорытындылап, аталған ұсыныстар бойынша қажетті жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.

 

Мархат Гумарова