1.02.2018, 12:13
Қараулар: 148
Тұрғындар мәдениет үйіне зәру

Тұрғындар мәдениет үйіне зәру

Әкімдердің есептік кездесуі Қособа ауылдық округінің орталығында өтті. Елдің алдында округ әкімі Жұмабай Сатаев пен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев есеп берді.

Әкімдердің есептік баяндамасынан кейін аудандық мәслихаттың депутаты Жеңіс Шапешов сөз сөйледі. Депутат мырза аудан мен округте атқарылған жұмыстарға өзінің оң бағасын берді әрі Қособа ауылын Жымпитымен қосатын жолға жөндеу жүргізу туралы мәселе көтерді.

Округ тұрғындары ауылға жаңа мәдениет үйін салу туралы ұсынысты да біраз уақыттан бері айтып келеді. Нысанның жобалық – сметалық құжаттары дайын тұр. Енді соны салуға қаржы керек. Мәдениет үйін салу шаруасы тек ауылдағы жиналыстың басты тақырыбы болып жүрген жоқ екенін айта кетейік. Бұл мәселе ауылдан шыққан зиялы азаматтардың да атынан облыстық деңгейде жиі көтеріліп жүр. Қособалықтар ұсынысымыз жерде қалмайды деген үмітте отыр.

Жиналысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

Ауылға жаңа нысандар керек!

Бұл ұсынысты өлеңтіліктер Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықовтың Өлеңті ауылының тұрғындары үшін өткізген есептік кездесуінде көтерді. Ауыл тұрғындары Өлеңті ауылына жаңа медициналық амбулатория мен клуб керек деп отыр.

Нысандардың әзірге салынатыны не салынбайтыны белгісіз. Бірақ, Өлеңті ауылының негізгі мәселелері рет – ретімен шешіліп келеді. Былтыр ауыл балалары білім алатын Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша кешенінің дәлізі мен кейбір сынып бөлмелері ағымдағы жөндеуден өтіп, мектеп айналасы абаттандырылды. Мектептен ауылға шығаберіс бетке жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жақсылықтар биыл да жалғаспақ. Мәселен, осы жылы ауылдың кіреберіс жолы асфальтталатын болды. Бұл жұмыстарға аудандық қазынадан 86 млн теңге қаралып тұр.

Мектеп дегеннен шығады, ауыл тұрғыны, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Тауфик Елубаев ауыл мектебінің ауыз су жүйесінен ақау шығып тұрғанын айтты. Осының кесірінен оқу процесі кезінде мектепте су болмайды. Жағдай бұлай жалғаса бермеу керек. Жиналысқа қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов мектеп басшылығын мәселені кешіктірмей шешуді тапсырды. Біздіңше, бұл іске тек мектеп емес, тұтас аудандық білім беру бөлімі араласуы керек. Оқушылардың ата – аналарының да талабы солай.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Жосалы-Қособа-Өлеңті