1.02.2018, 12:17
Қараулар: 50
Кітапханаға жазушының есімі берілді

Кітапханаға жазушының есімі берілді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес «Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесіне жерлес жазушы, Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиевтің есімі берілді.  Жымпитыда жазушы есімінің кітапханаға салтанатты түрде берілуі оқиғасының құрметіне орай «Жылдар жылжып өтсе де ел есінде!» атты әдеби кеш өтті.

—        Мұқадес Есламғалиев – қазақ әдебиетінің ірі өкілі. Мен жазушының шығармалары тек әдебиеттің әдемі әлемін байытып қана қоймай, қазақ тарихына да қызмет ете беретін құндылықтардың қатарына жатады деп ойлаймын. Себебі, ол – тарихты сөйлеткен адам. Оның есімінің кітапханаға берілуі – үлкен жеңіс. Бұл тарихтың ғана емес, болашақтың да жеңісі! Сырым елінің, оқырман қауымның ұлы жеңісі құтты болсын! – деді салтанатты шараға арнайы қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Облыс әкімінің орынбасарынан бөлек, Батыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, ақын, ҚР Жазушылары Одағының мүшесі, жазушының әдеби әріптесі Айтқали Нәріков, замандастары Талғат Қарасаев, Зерует Бостанова, сонымен бірге Есламғалиевтер әулеті әдеби кештің құрметті қонағы болды. Олар өздерінің сөздерінде Мұқадес Есламғалиевтің шығармашылық өмірі мен жеке азаматтық қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісті.

—        Мұқадес   менің өмірімде адал достың, нағыз қарапайым адамның келбетінде қалды. Әрине, оның бұлдайын десе атағы, айқайлайын десе дардай жазушы деген аты болды. Бірақ, ол олай еткен жоқ. Мұқашпен бір кабинетте жұмыс жасадық. Еліне келген талай сапарында бірге болдық. Шамасы келгенше, ол басшылардың құрметтеп күтіп алуына да қарсылық білдіретін.

Бүгін оның елінде үлкен тарихи оқиға болып жатыр. Енді Сырым ауданындағы үлкен кітапхана менің досымның есімімен аталады. Бұл – әдебиетке деген құрмет қой. Алдағы уақытта біздерді Сырым елінен Мұқадес Есламғалиевтің еңселі ескерткіші қарсылап тұрса деп армандаймын. – дейді мысалы жазушының досы, жұмыстасы Талғат Қарасаев.

Әдеби кеште Сырым ауданы әкімдігінің ұсынысымен дайындалған Гүлжан Абайқызының «Өтелген парыз» деректі фильмінен үзінді көрсетілді. Үзіндіде драматург Рақымжан Отарбай, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева жазушы жайлы толғанады.

Айта кетейік, құрамында 24 кітапханасы, қорында 329 596 кітабы бар, жыл ішінде 14225 ге жуық тұрақты оқырманды қамтитын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Мұқадес Есламғалиевтің атын беру туралы ұсыныс Сырым ауданының қоғамдық–саяси қазанында әбден қайнаған ұсыныс еді. Осы мәселемен қалың оқырман мен өңірдегі белгілі зиялы қауым өкілдері де талай рет мінбеге шыққан. Сырымдықтар сол аманатымыз орындалды деп қуанып отыр.

Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ