8.02.2018, 11:43
Қараулар: 165
Дирижердің сыныбы ашылды

Дирижердің сыныбы ашылды

Сырым ауданындағы Балалар саз мектебінде подполковник, дирижер Жасболат Жұмағалиевтің сыныбы ашылды. Дирижерге арналған сыныпты салтанатты ашу құрметі Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов пен апасы Айкүміс Ғұмыроваға ұсынылды.

Жасболат Жұмағалиев 1962 жылы Елтай ауылдық округіне қарасты Алатау елді мекенінде дүниеге келген. Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық училищесінде тромбон аспабы мен дирижер мамандығы бойыншы білім алды. Сосын Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік конферваториясынан оркестр дирижері мамандығын игерді. Еңбек жолы ҚР Президенті гвардиясында үрмелі аспаптар оркестрінің взвод командирлігінен басталып, кейін ҚР Қорғаныс Министрлігінің ансамблінің жетекшісі қызметін атқарды. 2008 жылы 46 жасында дүниеден озды.

Сыныптың ашылу шарасына ауданның басындағы зиялы қауым өкілдерінен басқа, Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Аманжол Исмағұлов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының меңгерушісі, доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұржамал Мукеева, ҚР Президентінің Құрмет Грамотасының иегері Төлеген Есмұханов, кәсіпкер Гүлмаржан Баймұқанова, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз коллежінің оқытушысы Алтын Батырова және Жасболат Жұмағалиевтің достары мен туыстары қатысты.

Салтанатты шарадан кейін аудандық Балалар саз мектебінде мектеп шәкірттерінің қатысуымен подполковник, дирижер Жасболат Жұмағалиевті еске алуға арналған «Сағым бейнелі сазгер» атты сазды кеш өтті. Осы кеште Ақтөбе қаласындағы А. Жұбанов атындағы музыкалық колледждің директоры Аманжол Исмағұлов досы Жасболат Жұмағалиевтың рухына арналған «Сағыныш» атты авторлық композициясының тұсауын кесті.

Шараны Балалар саз мектебінің директоры Серік Сарғозиев қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы