8.02.2018, 11:47
Қараулар: 93
Сағым бейнелі сазгер

Сағым бейнелі сазгер

Кешегі  Жымпиты, бүгінде   Сырым ауданы болып келе жатырған туған жеріміздің әрбір тасы біз үшін ыстық. Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілген «Жаңғырудың негізі – адами капитал» дегені, туған жерден түлеп ұшқан әрбір перзент  маңызды дегенді білдірсе керек.

Өткен ғасырдың тұсында білім қуған талай жастың берісі Оралға арысы Алматы шаһарына бет түзейтін еді. Сол жолға арман қуған талай қара көздеріміз  аттанып, өмірде өз жолдарын тапқаны анық. Солардың қатарында өмірлерін биік мақсаттарға ұштастырған әрі өнер атты көк дөненге мініп, киелі сахнаның ерекше қырын таңдаған жандардың қатарында ҚР Ұлттық Әскери оркестрінің директоры, дирижер  подполковник Жұмағалиев Жасболат Аманғалиұлы да бар болатын.  Жасболат Аманғалиұлы 2 ақпан күні 1962 жылы  Тасқұдық ауылының кіп – кішкентай Алатауында дүниеге келген еді. Алдымен Оралдың  Құраманғазы атындағы музыка училищесіне оқуға түсіп үрмелі аспаптар бойынша тромбон, дирижер мамандығын алып шығады. Ол 1981 жылы Алматыдағы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, оны 1986 жылы ойдағыдай аяқтайды. Алғашқы  еңбек жолын Мемлекеттік гвардияның  Президент атындағы үрмелі аспаптар оркестріне взвод командирі қызметінен бастайды.  «- Ол Қорғаныс министрлігі ансамблінің жетекшісі болып қызмет атқарды, оның осы ұжымға, жалпы қазақтың өнеріне сіңірген еңбегі зор, бірақ ол ешқашан мен осыны жасадым деп істеген ісіне жарнама жасаған адам емес, сондай қарапайым болатын. Жұмысы өзіне қатты ұнайтын, ұпай жинауды ол мақсат тұтқан жоқ. Өнерді жан-тәнімен сүйіп, жұмысына адал берілген  Жасболат көпшіл, ер көңілді, жомарт, ашық азамат болатын.  Көбіне ол тірі дауыста ән шырқаудың жақтаушысы болды, осы ансамбльдегі симфониялық оркестрдің жұмысын жандандырды, осы оркестр құрылғалы бері үлкен шаралар мен әйгілі әншілердің концерттеріне қатысып жүрді, — деп есіне алады журналистерге берген бір сұхбатында жары Баян Нұрмышева. Еңбеқорлық пен табандылық, өз ісіне деген адалдық және музыкаға деген шексіз сүйіспеншілік Жымпитының ұлы Ж.Жұмағалиевты биік белестерге алып шықты. Талай рет  ол Елбасынан, Қорғаныс министрінен әр түрлі марапаттар алып, мерекелік медальдардың иесі атанды. Алланың берген ғұмыры әттең тым аз болды. Былтыр ғана небары 55 жасқа толатын Жасболаттың, биыл арамыздан кеткеніне де 10 толып қалыпты.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери қызметінде мінсіз еңбек еткен  Жасболат Аманғалиұлы өзінің туған жері Сырым ауданының халқы үшін өшпес жұлдызға айналған сағым бейне болып есте сақталатын болады. Көз көрген достары, тума – туыстары мен ұлы Ілиястың да жадында жылдар өте жаңғырып, еш ұмытылмасына сенімдіміз. Ал,біз жас ұрпаққа осындай абзал ағамыздың өмір жолдарын насихаттауда,  еңбек ете беретін боламыз.

Айнагүл Ойшыбаева,

Сырым Датұлы

атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар