15.02.2018, 11:45
Қараулар: 36
Алтын ғұмыр

Алтын ғұмыр

Биылғы  жылы Ұлы Отан соғысының  ардагерлерінің 95 – 100 жастары атап өтілмек. Солардың қатарында 1 қаңтарда ардагер атамыз заң саласының ардагері, бұрынғы «Қызыл ту» газетінің тілшісі болған Тоқтам Кенеев  95 жасқа толды.

Тоқтам Кенеев 1923 жылы 1 қаңтарда Алматы облысының Үш – Арал селосында дүниеге келген. 1942 жылы Панфилов орта мектебін оқып жүрген кезінде жасы 18-ге толып әскер қатарына алынады. Бастапқы кезде Иркутск облысындағы Мальто станциясында минометшілер ротасында соғысқа әзірлейді. Екі айдан соң 10 жылдық білімі барларды қысқа мерзімді полк мектебіне жібереді. Ол  жерде әуе шабуылына қарсы күресетін бөлімшелер үшін кіші командирлер даярлайды екен. Осы даярлықты аяқтаған соң бірден қайнаған соғыс даласынан табылады. Москва түбінен басталған соғыстың жолдары оны Торопец, Великие Луки, Невель, Городок, Полон Беларус майданында Смоленск, Витебск, Литвадағы Шауляй, Шығыс Пруссиядағы Клайпеда, Кенисберг қалаларын азат етуге қатысады. Жеңісті Кенисберг қаласында қарсы алып елге 1947 жылдың сәуірінде оралады. Тоқтам атамыз 1953 жылы Алматыдағы екі жылдық заң мектебін бітіріп, жолдамамен Оралға келеді. Оралдағы облыстық атқару комитетінде, облыстық кәсіподақ Советінде заңгер кеңесші болып еңбек жолын жалғастырады. 1970 жылдан Жалпақтал (бұрынғы Фурманова) ауданында Халық сотының судьясы, прокуратурада тергеуші болады. 1970 – 75 жылдардан Жымпитыға ауысып аудандық заң консультациясын басқарады. 1975 жылдан 1983 жылдар аралығында аудандық «Қызыл ту» газетінде тілші бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Газет редакциясынан құрметті демалысқа шығады. Сондықтан атамызды аудандық газеттің ардагері деп атауымызға толық негіз бар. Өз заманында Жалпақталда Кенжебек Меңдалиевтен бастап Жымпитыда Ғафур Құсайнов,  Құзыр Мұратов, Оңғарбай Бисенғалиевтерден бастап, өзі баурына тартып інілеріне балаған  Амантай Боранқұлов, Мәжит Жаданов, Махмет Кажиахметов, Отарбай Сарғозиевтерді атауға болады. Кезінде талай естелік пікірлер мен мақалалар жазған редакцияның аға буын өкілдері атамызды әлі ұмытпағаны аян. Енді жеке басының ерекше қасиеттеріне келер болсақ, өте еңбекқор, сабырлы, жаны таза  көңілді жүретін әзілге жақын адам болыпты. Оның үстіне бастықтардың оғаш қылықтарын көрсе табанда сатира өлең арнай салатын қасиеті оны журналисткаға әкелген көрінеді. Ардагер журналистер Амантай Боранқұлов пен Махмет Мүтиұлы  «Жазу жазардағы жауаптылығы мен жылдамдығы ерекше таңғалтатын. Жұмысқа ертемен келуді әдетке айналдырған ағамыз басқа қызметкерлер келгенше газеттің екі бетін өзі жазып, машинкаға теру үшін Файруза кейін Дана апамыздың алдында тастаушы еді» деп еске алады. Ал, ол кезде газет аптасына үш рет шығады екен, ойлай беріңіз қанша жазуды жазуға тура келеді. Ал, енді суырып салма шымшыма өлеңдері ол кісіні Оспанхан Әубәкіров пен Шона Смаханұлының қатарына қоятынды, себебі өлеңдері республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Ара» журналдарына шығып жататын. Айтуға  жеңіл қағытпа әзіл өлеңдері ел аузында жүріпті. Оның біразы өзі өмірден өткесін жарық көрген «Алтын ине» еске алу   кітабында да беріліпті. Ұлы Отан соғысының ардагері  Т.Кенеев жары Қыздархан апамызбен тату – тәтті ғұмыр кешіп жеті бала тәрбилеп өсіріп, бейнетінің зейнетін көріп өткен жан.

А.Ойшыбаева,

Сырым Датұлы  атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі