15.02.2018, 11:57
Қараулар: 53
Рухани жаңғыру – мәдени жаңғыру

Рухани жаңғыру – мәдени жаңғыру

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мемлекеттік маңызы өз алдына, ұлттық құндылығы да жоғары. Бұл мақалада айтылған міндеттерді іске асыру мәдениет саласының мойынындағы салмақ деп түсінемін. 

Мәдениеттің ажары – шығармашылық ұжым. Сырым аудандық «Демалыс орталығы» мекемесінің шығармашылық ұжымында 65 адам қызмет етеді. Олардың дені — консерватория мен жоғары оқу орындарында кәсіби білім алған мамандар. Мамандардың шығармашылық жұмыстармен айналысуы үшін аудандық мәдениет үйінде барлық мүмкіндік бар. Мемлекет бұл жағынан өзінің міндетін толық орындап отыр. Біздер енді осыған лайықты жауап беруге тиістіміз.

Мәдениет қызметкері ретінде, мәдениет саласындағы рухани жаңару – әртістің репертуары мен гардеробының жаңаруынан басталады деп ойлаймын. Біз бүгін әріптестерімізге осындай талап қойып отырмыз. Тағы бір талап – шығармашылық өнім. Бұл талапты халықтың өзі қойып отыр.

Қазіргі күні әріптесіміз, республикалық дәстүрлі ән байқауларының лауреаты Армат Алдамжаров әншілікке қоса, сазгерлікпен айналысып жүр. Арматтың авторлық туындылары қазір өзінің орындаушыларын тауып та үлгерді. Сазгер есебінде еңбегі білініп келе жатыр деп әріптесіміз Алмаз Елшібековті де айтуға болады. Аудандағы мәдениет саласына міне осындай қозғалыстар керек. Әрине, адамның бойындағы туабітті өнерді ешкім жоққа шығармас. Бірақ, жалқаулық, бірсарындылық, сосын өз – өзді көңілтолушылық пен тәкаппарлық таланттың қас жауы екендігін де ұмытпау керек. Талантты болу аз, еңбекқор болу керек, іздену керек. Мен түсінетін «мәдени жаңғыру» — осы.

Мәдени жаңғырудың негізгі жолы – ұлттық құндылықтарды жаңғырту. «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту», — деп мақалада Елбасының өзі де айтты мұны. Осыны ескеріп, аудандық мәдениет мекемесі дәстүрлі әндердің байқауын, айтысты, ауданнан шыққан белгілі тұлғалардың танымдық шараларын облыстық, аймақтық, тіпті республикалық деңгейге көтеруге кірісті. Соңғы жылдары Наурыз сияқты ұлттық мерекелер көшелерде тойлана бастады. Тай жарысы секілді ұлттық ойындар көшелерде өте бастады. Көше мәдениетін ұлттық тәрбиемен ұштастырудың осындай тәжірибесін әлі де жалғастырғымыз келеді. Өзімнің осы мақсатта жұмыс жасайтынымды аудандық мәслихаттың депутаты ретінде сайлауалды бағдарламамда да айтқан болатынмын.

Осы аптада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында дәстүрлі ән орындаушылар арасында «Мен қазақпын!» атты облыстық байқау өтпек. Бұл байқау — ұлттық өнер мен ұлттық тәрбиенің сабақтасуының бір дәлелі болмақ.

Әрине, мәдениет саласында мәселелер жоқ емес. Оның бірі – аудан тұрғындарының мәдени шараларға қатысуға деген енжарлығы. Елдің ықыласын оята алмаған біз де кінәлі шығармыз мүмкін. Бірақ, біз халықтың талғамына жұмыс істеу үшін ерінген емеспіз, ерінбейміз де. Тек халық бізбен бірге болса дейміз. Қазір Сүйінғали Дауылов, Еркін Шүренов секілді тұрақты көрермендеріміз бар. Жұрт осы кісілердей мәдениетке жанашыр болса екен.

Мәдениетті ауданның сахнасынан шықпай дамытам деу бекершілік. Біздің салаға таным арттыру, тәжірибе алмасу және бәсекелестік керек. Өнерпаздарымыз байқауға бару керек, басқа аудиторияларды игеру керек. Егер аудандық «Демалыс орталығы» мекемесінің көпкісілік жеке көлігі болса осы мақсатымызға үлкен қолдау болар еді деп те ойлаймыз.

Рухани жаңғыру сөз болып қалмау керек. Оны іске асыру керек. Ауданның мәдениет саласы ол істің қақ ортасында жүруге дайын.

 

 

Серік ТОҚМАМБЕТОВ,

Сырым аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар