15.02.2018, 15:57
Қараулар: 40
Әкімнің орынбасары – қожалықтың басында

Әкімнің орынбасары – қожалықтың басында

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Сырым ауданындағы жұмыс сапары кезінде «Жібек жолы» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

2001 жылы құрылған шаруашылықта бүгінгі күні 788 бас ірі, 1600 ұсақ мал, 962 бас жылқы және 35 бас түйе бар. Қожалық 2014 жылы асыл тұқымды ірі қараның басын көбейтуге көшті.

—        Қазір етті бағыттағы қазақтың ақбас сиыры мен герефорд тұқымын өсірумен айналысып жатырмыз.  Ірі қара малдың аналығының басын 1200 – ге дейін жеткізгіміз келеді. Жылқы малын асылдандыруға да ыңғайланып отырмыз. Бәрі сәтімен болса, алдағы уақытта ауданның басынан сапалы ет және қымыз, шұбат өндірісін қалыптастырамыз.  – дейді қожалықтың жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов.

Айта кетейік, «Жібек жолы» шаруа қожалығы Жымпиты ауылынан 20 шақырымдай қашықтығы бар бұрынғы Интернационал елді мекенінің орынында орналасқан. Бұл жерде соңғы жылдары мал шаруашылығын жүргізуге арналған жаңа нысандар мен шаруаларға арналған заманауи үлгідегі тұрғын үйлер салынды. Шаруашылық енді осы жерден ғылыми жұмыс жасауға ниетті жас мамандар үшін жатақхана салуға ниеттеніп отыр. Қысқасын айтқанда, жоғалған елді мекеннің орынынан шағын ауыл пайда болып келеді.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Сырым ауданындағы жеке шаруашылықтың жұмысын кеңейту арқылы елді мекендерді аяққа тұрғызу тәжірибесін оңды жұмыс деп бағалады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ