15.02.2018, 16:01
Қараулар: 49
Форумға айналған жиналыс

Форумға айналған жиналыс

Сырым ауданында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев  2017 жылдың қорытынды есептік жиналысында Сырым ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері туралы баяндады. Жиналысқа Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұловпен Бибігүл Қонысбаева, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар  және облыстық басқармалардың, кәсіпорындар мен қаржылық ұйымдардың басшылары арнайы қатысты.

Жасалған жұмыстар туралы бейнебаян мен аудан әкімінің баяндамасынан түсінгеніміз, 2017 жылы Сырым ауданы барлық сала бойынша тек ілгерілеуді ұстап шыққан. Мысалы, былтыр ауданның өзіндік кірісі 10 %-ға артқан. Аудан бұл көрсеткішті биыл да еселей түспек. «Өзіндік кірісті арттыру мен салықтық түсімдерді көбейту – дамудың бірінші белгісі» — деді бұл туралы аудан әкімі өзінің есептік баяндамасында.

Өткен жылы Сырым ауданында 2016-2020 жылдарға арналған шағын және орта бизнес саласын дамыту жоспары шеңберінде құны 219,0 млн. теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылған. Жоспарда әлі 10 жоба тұр. Олардың ішіндегі кейбір ірі жобалар биыл жүзеге асырылады.

Биылғы Жолдаудың  үшінші бағытында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру мәселесі нақты айтылды. Бұл ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбейгейлі арттыруға күш салу керек деген сөз. Былтырғы жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша өнім көлемi алдыңғы жылмен салыстырғанда 27%-ға артты. Бұл көрсеткіш биыл да көп өзгеріске ұшырауы мүмкін. Себебі, Сырым ауданы мал шаруашылығы бағытындағы аудан есебінде ет өнімін экспорттаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Сырым ауданы бойынша 2018 жылы экспортқа 126 тонна ірі қара және 15 тонна қой етін өткізу жоспарлануда. Жоспардың нақты жұмысы ретінде, осы жылдың І тоқсанында Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында «Атамекен-Сырым» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құны 23 млн теңгені құрайтын модульді мал сою пункті және «Жібек жолы» шаруа қожалығының 90 млн.теңгені құрайтын өнімділігі ауысымына 25 бас ірі қара және қой малына есептелген сою пункті іске қосылады.

Ауданда даму тек экономикалық сипатта ғана емес, рухани тұрғыда да жақсы жүргізілген. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында 2017 жылы аудан бойынша барлығы 141 шара ұйымдастырылған. Оған аудан халқының 50 пайызы қатысқан. Мақалада көрсетілген «Туған жер» жобасы аясында Сырым ауданында 12 млн. 589 мың теңгеге барлығы 23 жоба жүзеге асқан. Биылғы жылы кәсіпкерлер мен тұрғындардың демеушілігі есебінен тағы осындай 24 жоба жүзеге асырылмақ.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің сөзінде ауданның кейбір мәселелі тұстарына да кідіріс жасады. Мәселелердің дені денсаулық сақтау саласында. Олай дейтініміз, қазіргі күні Алғабас, Тоғанас, Аралтөбе ауылдарына жалпы тәжірибедегі дәрігер және аудандық орталық ауруханаға 3 арнайы дәрігер мамандар жетіспейді. Аудан бойынша денсаулық сақтау мекемелеріне тозығы жетуіне байланысты байланысты жедел-жәрдем автокөлігінің қажеттілігі туындап отыр.  Сонымен қатар Қарағанды, Құспанкөл, Жаңаөңір, Жетікөл, Көгеріс, Аңқаты елді мекендеріндегі медициналық пунктер күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Осыған дейін аудандағы мектептердің үштен бірі күрделі жөндеуге сұранып тұрғандығын да айтқан едік. Бұл мәселелер аудан әкімінің округ орталықтарындағы тұрғындармен болған есептік кездесулерінде көтерілді.

Күн тәртібіндегі негізгі баяндама тыңдалып біткеннен кейін халық белсенді ұсыныс – пікір білдіруге көшті. Мысалы, аудандық мәслихаттың депутаты Асхат Дүйсенғалиев аудан орталығы Жымпиты ауылынан 36 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй салуға қаржы бөлінсе деген ұсыныс айтты. Бүгінгі күні құрылысының құны  428 млн теңгені құрайтын үйдің жобалық – сметалық құжаты дайын тұр. Депутаттың айтуынша, ауданда 284 адам тұрғын үй кезегінде тұрған болса, олардың 90% — ы аудан орталығы бойынша тіркелген. Жаңа тұрғын үй салу арқылы осы пайызды біраз төмендетуге мүмкіндік бар. Ауыл тұрғыны Елена Махметова да аудан әкімінің алдында баспана мәселесін көтерді.

Жобалық – сметалық құжат дегеннен шығады, Қособа ауылдық мәдениет үйінің жобалық – сметалық құжатының дайын тұрғанына да аз уақыт болған жоқ. Құрылыс биыл басталмаса, онда құжаттың мерзімі өтеді. Қособалықтар мәдениет ошағын салу туралы мәселені бүгін тағы да биліктің есіне салды. Сұрайтын сүйіншіміз сол, осы жылы Қособада мәдениет үйінің құрылысы басталады. Бұл туралы өзінің сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов айтты.

Есептік жиналыста аудандық ардагерлер кеңесі облыс әкімдігіне Кеңащы жер асты су кен орынынан аудан орталығына ауыз су құбырын тарту жұмыстарын қаржыландыру туралы ұсыныс жасады. Құны 1 млрд 700 мың теңгені шамалайтын бұл жобаны жүзеге асыру арқылы Қособа, Сарой және Жетікөл ауылдық округтерін сапалы ауыз сумен қамту мүмкін болады.

Осы сияқты аудан педагогтары әкімнен аудан орталығындағы орталық стадион мен спорт кешенін және балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуді сұрады. «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Виктор Капинус Жосалы ауылдық округіне қарасты Былқылдық елді мекеніне газ желісін тарту туралы ұсынысын айтты. Айта кетейік, «Талап» шаруа қожалығы 2010 жылдан бері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен айналысады.

Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер Одағының облыстағы өкілі, ақын Бауыржан Халиолланың сөзі әкімдерге емес, халыққа қаратылды. Ақын елдің ішінде ерлік туралы аңыз айтатын, елдік туралы ақыл айтатын азамат азайды деп налыды. Оның бұлай деуіне соңғы жылдары Сырым ауданының қоғамдық – саяси өмірінде арызқойлық, күндестік секілді рухани дерттердің белең алуы себеп болған сияқты. Сырым, Жаһанша секілді дала демократтары шыққан Жымпитыға арызданған емес, арланған жарасады. Өсекке емес, аңызға айналған жарасады. Іріткі болған емес, ірі болған жарасады. Ақын соны айтты.

—        Ұсақталмайық! Ағайын, ел болатын уақыт жетті ғой! – деді Бауыржан Халиолла.

Ақынның бұл азаматтық пікірін ауыл ақсақалы Сүйінғали Дауылов қолдады.

– Жымпитының өзінің аты, өзінің атағы өзіне жетеді. Сол атты қараламау керек! Елдің атына адал болыңдар! – деп дүркірей сөйледі ол кісі. Ақын мен ақсақалдың атойлаған осындай сөздері жиналыста отырған жұртты атқа қондырып жібере жаздады. Алдыңғылардың сөзінің буымен ардагер спортшы Ғилаж Қаналиевтің «Бірігіп еңбек жасайық, Алға қарай басайық!» деп елді бірлікке шақыра шумақтатқаны да жараса кетті. Осы сәттерде әкімнің есептік жиналысы жиналысқа емес, патриоттар форумына ұқсап бара жатты.

—        Талай жиналыста болып жүрмін. Мынадай рухы биік жиналысты бірінші рет көруім! – деді бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Облыс әкімінің орынбасары өзінің сөзінде, елдің сенімі атқарушы билікке тек жауапкершілікті міндеттей түсетінін, биліктің қашанда халықпен санаса жұмыс жасауға дайын екендігін айтты. Ғабидолла Абдоллаұлы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің есебінде баяндалған ауданның дамуы үшін жасалған жұмыстарға өзінің оң бағасын берді.

Есептік кездесуден кейін аудан тұрғындары жеке мәселелері бойынша облыстан келген басқарма басшыларына жолықты. Ниет білдіргендерді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың өзі жеке қабылдады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор).