22.02.2018, 16:17
Қараулар: 52
VI облыстық Қадыр оқулары өтті

VI облыстық Қадыр оқулары өтті

Жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте VI облыстық Қадыр оқуларының ашылу рәсімі өтті. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлары одағының мүшесі, Қадыр атындағы қоғамдық қордың директоры, әнші-сазгер Донеділ Қажымов құттықтау сөз сөйледі.

Қадыр оқулары үш бөлім бойынша өткізілді. «Сөздің бәрі құдіретті…» бөлімінде оқушылар Қадыр Мырза Әлінің шығармаларын жатқа оқып,  облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева,  кәсіпкер, тіл жанашыры Құсайын Бақтияров, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы  орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі, «Қадыртану» жобасының авторы,  республикалық «Үздік педагог» байқауының жүлдегері Гүлжан Тұржігітова қазылық етті.

Ал, екінші  «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда…»  атты ақынның  сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлары одағының мүшесі, Қадыр атындағы қоғамдық қордың директоры, әнші-сазгер Донеділ Қажымов, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының  әншісі, сазгер Жаскелең Ғайсағалиев, Сырым аудандық «Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының» вокал үйірмесінің жетекшісі Қайрат Рахметов қазылар құрамында болды.

Қадыр Мырза Әліге  арнап өз шығармаларын орындайтын  «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін…» атты бөлімде Батыс Қазақстан облыстық  «Мақсат» медициналық колледжінің директоры, білім саласының «Құрметті азаматы», Қадыр қорының мүшесі Мақсот Берген, облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта, техникалық және кәсіптік  білім беру ұйымдарының  облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аягөз Хамзина, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, Қадыр Мырза Әлі атындағы  мәдениет және өнер орталығының әдіскері Талғат Мықи оқушылардың өнерін бағалады.

Түстен кейін байқаудың қорытынды бөлімі өтті.  Мұнда  жеңімпаз қатысушыларды қазылар алқасы марапаттады. «Сөздің бәрі құдіретті…» атты Қадыр Мырза Әлінің шығармаларын жатқа оқу бөлімінде бас жүлдені Сырым орта мектебінің оқушысы Береке Орынбасар жеңіп алды. Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда…»  атты ақынның  сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде  Жаңақала ауданының  С.Меңдешев атындағы орта мектебінің оқушысы Ерасыл Жанат бас жүлдеге ие болды. «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін…» атты Қадыр Мырза Әліге  арнап өз шығармаларын орындау  бөлімінде бас жүлде Орал қаласындағы №42 «Ақниет» гимназиясының оқушысы  Әділ Ахметовке бұйырды. Сырым ауданы әкімінің арнайы жүлдесін аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов Жаңақала аудандық Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің оқушысы Мерхан Назимовке табыс етті.

Гала концертте жеңімпаз оқушылар, Ақжайық ауданы Тайпақ балалар саз мектебінің оқытушылары, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының және аудандық балалар саз мектебінің өрендері өнер көрсетті.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА