7.03.2018, 12:13
Қараулар: 36
Жаңа жинақтың тұсаукесері өтті

Жаңа жинақтың тұсаукесері өтті

Облыс орталығындағы Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылары және Журналистер Одағының мүшесі Бауыржан Халиолланың «Жан тебіреніс» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсаукесер салтанатына Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және Шолохов атындағы халықаралық әдебиет сыйлығының иегері, жазушы Сәбит Досанов қатысты.

–        Талантты адам барлық салада талантты. Бауыржан да солай. Оның аты айтыспен шықты. Айтыстағыдай, жазба өнерде де жаңа қырынан көрінді. Бауыржанның поэзияда өзінің биігі бар. Мен де жазумен айналысатын адаммын, бірақ өлеңге келгенде Бауыржан Халиоллаға шәкіртпін! – деді Сәбит Досанов өзінің сөзінде. Белгілі жазушы, драматург Досановтың өзі Бауыржан Халиолланың шығармашылығына осылай баға берді.

Кеш барысында жаңа жыр кітабының иесіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов және Атырау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Саламат Сабыр мырза бастаған Атырау өңірінің делегациясы, облыстың өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов құтты болсын айтты. Шығармашылық шарада ақынның өлеңдері оқылып, өлеңіне жазылған ақынның авторлық әндері орындалды.

Осыған дейін «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы 2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал қаласы, 2005), «Жұлдыз жауған жарық түн» (Орал қаласы, 2012 жыл) секілді жыр жинақтары жарық көрген ақынның жаңа «Жан тебіреніс» атты жинағы Алматы қаласындағы «Ан Арыс» баспасынан 2000 данамен басылып шыққан. Кітап бірнеше бөлімнен тұрады.

Бауыржан Халиолла деген есім бүгінгі күні батылдықтың, шыншылдықтың феноменіне айнала алды. Ақынның шығармашылық өмірі ақындықтың жеке жүректің меншігі емес, елдің өнері екенін дәлелдейді.

Ол елге айтыскер ғана емес, айтыстың жанашыры есебінде де белгілі. Бауыржан Халиолланың ұлттық өнердің жолындағы ерен еңбегі Батыс аймағындағы айтыс өкілдерінің біразының өсіп-өнуіне себеп болды. Ақын өнерден бөлек, өңірдің қоғамдық-мәдени ісіне де үлес қосып жүр. Оның Қадыртану ісін ілгерілетудегі ірі қадамдары күні ертең тарихи оқиғалардың бірі ретінде аталатыны сөзсіз.

Бауыржан МҰСТАФИЕВ

 

Суретті түсірген:

Рафхат Халелов