15.03.2018, 16:36
Қараулар: 258
Алғыс арқалаған абзал жан

Алғыс арқалаған абзал жан

Шипалы емімен халықтың алғысын арқалаған жандардың бірі – Мәншук Нығметқызы.

Ауданымыздың Бұлдырты ауылында дүниеге келіп, осы ауыл мектебінен түлеп ұшқан бұл нәзік жанды аудан көлемінде тіпті таныстырып жатудың өзі артық. Әдепті де, инабатты,  сыпайы мінезді қарапайым отбасында тәрбиеленген Мәншук Нығметқызы арман жетегінде Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық академияның студенті атанды. Студенттік өмірде де өзін үнемі жақсы жағынан көрсетті. Оқуын бітіріп, отбасын құрып, жолдасы Нұрболмен бірге Елбасының жастарға арнаған «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сай өзі армандаған ауылына оралған ол аудан орталығындағы ауруханаға дәрігер болып орналасты.   Міне содан бері оның алдынан қаншама науқас ем алып, шын жүректен алғыстарын білдіруде.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» жобасы еліміз бен өңіріміздің түпкір-түпкірінде жүзеге асуда. Бағдарламаның мақсат-міндеттері әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне құрмет көрсету, жанашырлық таныту деп ұғынатын ол демалыс күндері өзі туып өскен ауылына келіп, ата-анасы,  іні-бауырларына тіпті көрші-достарына жанашырлық танытып, салауатты өмір салтын насихаттап, ақыл- кеңес беріп отырады.

Заман талабына сай Мәншук Нығметқызы тек бір ғана мамандық иесі болып қалмай, білімін үнемі жетілдіре отырып, жақында тағы да екінші жоғары білім «Заңгер» мамандығын алмақшы.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі тиянақты да, адал еңбегі еленіп,  аудан, аурухана әкімдігінен алғыс хаттармен марапатталған. Ол салауатты өмір салтын насихаттау бағытында өткізілетін спорттық сайыстарға аудандық аурухана атынан қатысып,    жүлделерге ие болды. Отбасында үш бала тәрбиелеп отырған сүйікті ана, асыл жар Мәншук Нығметқызы,  міне, осындай жан.

 

 

А.Шүйінішқалиева

Бұлдырты ауылы.