15.03.2018, 16:38
Қараулар: 63
Азамат келбеті

Азамат келбеті

Елге танымал азамат Отарбай Сарғозиев бүгінде сексен жастың сеңгіріне келді.

Ендеше, 80 деген асуға алқынбай, сергек жеткен Жымпиты ауылының тұрғыны Отарбай Сарғозыұлы жөнінде аз-кем болса да, сыр шертіп көрелік.

Өмір есігін Қаратөбе ауданында ашқан О.Сарғозиев отбасылық жағдаймен сол кездегі Жымпиты ауданының Бұлдырты ауылына қоныс аударып, осындағы орта мектепті тамамдады.

Ол 1957 жылы Орал ауылшаруашылығы механикаландыру техникумын бітірісімен бірден еңбекке араласып, жүргізуші, автослесарь, бригадир, МТМ меңгерушісі, қойма меңгерушісі сияқты  жұмыстарды жастық жігермен өте белсенді атқара білді.

Жас жігіт О.Сарғозиевтің өз ісіне тиянақты, ұқыптылығын байқаған, жоғары басшылықтағы азаматтар 1963 жылы Алматы ауылшаруашылығы  институтының экономика факультетіне  оқуға жолдама берді. Білімге алғыр жас бұл жоғары  оқу орнын да ойдағыдай аяқтап, елге агроном-экономист мамандығының иесі болып оралды.

Жымпиты өңіріне оралған жоғары білімді жас маман әуелі  жер құрылысы жөніндегі инженер, одан соң Абай кеңшарында бас экономист, бас агроном, Тасқұдық, Талдыбұлақ ауылдарында  партия саласында  жемісті қызметтер атқарды.

Халықпен етене араласып, өзіндік тәжірибе жинақтай білген О.Сарғозиевтің қызметтік баспалдақтары болса одан әрмен өсіп, өрлей берді.

Мысалы, ол аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жымпиты ауылдық округінің әкімі қызметтерін ұзақ жылдар бойы тапжылмастан жемісті атқара білді.

Міне, қазіргі кезде аудан, облыс, әрісі республикаға танымал болған азаматтың еңбек жылдары осылайша басталған-ды.

Ол зейнеткерлік демалысқа шықса да, қоғамдық жұмыстан қол үзбестен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы Жымпиты орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы қызметтерін де абыройлы атқарды.

Сексен жастың сеңгірінен өткен өмір жолына ойша көз жүгіртіп отырған О.Сарғозиевтің  ел, халқы алдындағы ақ адал қызметі де жоғары басшылық тарапынан әділ бағаланып, өңіріне «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдар тағылды, алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Ол сондай-ақ Сырым ауданының құрметті азаматы.

Сексен жастың биігіне шықса да, Отағаң әлі саптан шыққан жоқ, аттан түскен жоқ. Ол аудандағы алқалы жиындардың ортасынан табылып, жастарға салиқалы ақыл-кеңесін айтып жүрсе, елдің, халықтың экономикалық-әлеуметтік хал-ахуалының дамуы бағытында  айтар өзіндік ой-толғамдары да жетерлік деңгейде.

Отарбай аға  Мәскеудің сауда институтының есеп-экономика факультетін бітірген жоғары білімді маман Гүлзағира  жеңгеймен шаңырақ құрып, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған ата-ана немерелер-жиендердің қызығына кенеліп отыр.

 

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы