20.03.2018, 11:03
Қараулар: 360
Су тасқынынан сақтанайық!

Су тасқынынан сақтанайық!

Су тасқыны – бұл қардың еруі, жауын-шашын, суды желмен айдаған және кептелу кезінде өзендер мен көлдердегі су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде жерді айтарлықтай су басу. Су тасқыны көпірлер, жолдар, ғимараттар, құрылымдардың қирауына, елеулі материалдық шығынға, ал судың көп жиналуы (4 м/с астам) және су үлкен биіктікке көтерілсе (2 м көп) адамдар мен жануарлардың опат болуына әкеліп соқтырады. Қираудың негізгі себептері ғимараттар мен құрылымдарға су массасының, жоғары жылдамдықта жүзіп жүрген мұздардың, әртүрлі сынықтар мен жүзіп жүрген заттардың, т.б гидравликалық соққысы болуы мүмкін. Су тасқыны кенеттен пайда болып және бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін.

2018 жылдың 5-ші наурыз күні аудан әкімінің орынбасары  Е.Ахметовтің төрағалық етуімен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның  отырысы өтті. Отырысқа ауылдық округ әкімдері және мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде 2017 жылы су тасқыны кезеңінде атқарылған іс-шараларға есеп беріліп, ағымдағы жылдың су тасқынын  апатсыз өткізуді қамтамасыз ету мәселесі қойылды. Аудан әкімінің орынбасары жиынға қатысушыларға  арнаған кіріспе сөзінде аймақтағы елді мекендер  мен шаруашылық нысандарын су басып кету қауіпі бар екендігін қатерге салып, оны болдырмау жолында алдын ала әрекет жасап, келер көктемдегі су тасқынын апатсыз өткізуін көздеді. Сондай-ақ жергілікті халықпен, қоян-қолтық араласып, олардың тыныс-тіршілігін нақты білетіндей жағдайда жұмыс атқарып, су тасқыны кезеңінде тәулік бойы кезекшілікті ұйымдастырып, су жүретін жолдарды аршып, тұрғын үйлердің төңірегіндегі жиналатын суларды жою бағытында шаралар алуды, қол күшіне зәру, яғни мұқтаж жанұяларға көмек беруді ауыл әкімдеріне тапсырды.

Жедел қимылдау күштерімен алдын алу әзірлік жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында «2018 жылдың су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын-алу мен жою туралы» жоспары бекітілді.

Бүгінгі күнге көшелердегі қарды аршуға техникалар жұмылдырылып, еріген қардың суы жиналатын орындары тазартылуда. Ауыл тұрғындарына ескертер бір жайт, ауыл әкімінің көмегіне қарап отырмай, үй иелері өз аулалары үшін қамданыстар жасауға тиіс. Өйткені ауыл әкімшілігінің барлығына бірдей көмектесуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан азаматтары, ер балалары, тума-туыс, ағайындары бар үйлердің көппен бітетін іс болғандықтан, демалыс күндері, бос уақытында қарларын аршып, су ағатын жолдарына жыралар жасауға толық мүмкіндіктері бар. «Ұйымдастырған ұтады» деген қағида бойынша, әркім өз тірлігін өзі жасағаны дұрыс. Еріген қардың суы аула, қораларға кіргені төтенше жағдайларға жатпайтынын қаперлеймін. Ауыл әкімшілігі тек азаматтары жоқ немесе қариялардың үйлерінің ғана қарын тазартуға көмек бере алады. Ауыл тұрғындарын  осы мәселелерді шешуге абдырап, байбалам салғаннан гөрі өздері ауызбіршілікпен, түсіністікпен дұрыс қарауға шақырамын. Сонымен қатар «Ақ бұлақ» бағдарламасымен өткен ауыз су құбырларының орыны отырып кетуіне байланысты балаларды сыртқы ойын кезінде қадағалауын сұраймыз.

Су тасқыны мезгілінде штаб тәулік бойы жұмыс атқарады. Орын алған оқиғалар бойынша, мына телефон нөмірлеріне қоңырау шалуды сұраймын: 21-898, 31-268, 101 – тәулік бойы; 31-260 – жұмыс уақытында; факс 31-274, 31-359.

Су тасқыны кезінде әрекет ету ережесі:

Су тасқыны қаупі және көшіру туралы дабылды алғаннан кейін күттірместен, белгіленген тәртіп бойынша өзімен бірге қажетті заттар мен бұзылмайтын азық-түліктің екі күндік қорын алып апаттық су басуы ықтимал қауіпті аумақтан белгіленген қауіпсіз аумаққа немесе дөңестеу жерлерге барыңыз (шығыңыз). Көшіру пунктіне жеткеннен кейін тіркеліңіз.

Үйден кетер алдында электр қуаты мен газды сөндіріңіз, отын жағу пештеріндегі отты өшіріңіз, ғимараттың сыртындағы барлық қалқитын заттарды бекітіп қойыңыз немесе қосымша жайларға орналастырыңыз. Егер де уақытыңыз болса үйдегі құнды заттарды шатырға немесе жоғарғы қабаттарға орналастырыңыз.

Қ. Галиев,

Сырым ауданының №12 Өрт сөндіру бөлімі бастығының у.м.а.  азаматтық қорғау аға лейтенанты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар