20.03.2018, 11:11
Қараулар: 23
Өнері ұрпағына өнеге

Өнері ұрпағына өнеге

Өлең мен өнерді қатар алып  жүру қаншама қайсарлық пен еңбекті  қажет етерін біз былайғы өмірде бағалай білмейміз.  Ал болмысы бөлек осындай жандардың  арамызда  жүргені бізді олар туралы көбірек ойлауға жетелейді. Сондай жанның бірі ақын, саусағынан өнер тамған шебер, жерлес апамыз Дәмелі Құсайынқызы екенін және биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырғанын айтқым келеді. 

Қашанда, қазақ даласы соның ішінде қасиетті  Сырымдай  батырдың туған топырағынан түлеп ұшқан батыр–ана, батыл–ана, ақын–ана ретінде алар орны бір бөлек.  Толайым тарихтың Отанына айналған  өңір қашанда  дарынды да дарабоз тұлғаларымен  мақтанатыны сөзсіз.  Туған жерін  жырға бөлеу үшін де үлкен жүрек пен елге деген махаббаттың қажет екені түсінікті. Ал, бабамыздан қалған бағзы өнерді кейінгі жастарға үлгі ету – өз алдына бір төбе. Қазақтың ісмерлік өнерін  әсем кестеге айналдырып қана қоймай, қара өлеңін де сұлу сазды поэзияның көркем тіліне айналдырып, қос өнерді қатар өріп келе жатырған Дәмелі Құсайынқызының бейнесіне қызығып та, мақтана да қарайтынымыз анық. Қазақ өлеңіне өзіндік қолтаңбасымен  келген апамызға дән ризамыз. Кестелі іс пен келелі әңгіме, жас ұрпақты отансүйгіштіке баулитын ғұмырлы өлеңдері арқылы келесі буынға өнеге болып келе жатырған ерен еңбегін, туған жері Жымпиты жұртшылығы, Сырым елі қашанда  зор алғысын айтудан жалықпайды деп білемін.  Апамыздың  бойындағы  бар тәрбиесі мен  тәлімін жеткізу жолындағы елеулі еңбегін, қалай насихаттасақ та артық болмайды. Дәмелі Құсайынқызы – 1938 жылы өзіміздің Жосалы ауылында дүниеге келген. Әкесі Құсайын Есенбаев соғысқа кетіп оралмағанда, анасы Бәтіш – бес баласымен жесір қалып, бар өмірін қыздарына арнаған жан. Қазірде сол бір үйлі жаннан жалғыз өзі аман жүргеніне тәубе дейді. Бұлдырты орта мектебін ойдағыдай аяқтап, тұрмысқа шығып, жан жары Қажығалиев Шапаймен тату-тәтті ғұмыр кешіп, он бала өсіріп тәрбиелеген батыр ана. Өзі қызмет атқарған тәрбиешілік қызметі арқылы бесіктегі баладан бастап, өлеңдері мен шеберлік қыры арқылы тұтас бір буынды рухани тәрбиелеп отырған ұстаз. Соның ішінде, халқымыз қол үзіп қала жаздаған киіз үйдің жабдығын жасауда алдына жан салмаған ісмер жан. Біздің аудандағы киіз үйлердің сақталған үзік тарихы мен шеберлігі апамыз арқылы сақталып қалды десек артық болмас. Сонау 1990-шы жылдары алдымен Алматыда, кейін Мәскеуде өткен Бүкілодақтық көрмесіне апамыздың киіз үйі апарылғанына тарих куә. Ал әр жылдары жарық көрген «Өнер өрге өрлетеді», «Өлең өлкесінде», «Мұра», «Әке», «Қолтаңба» секілді жыр жинақтары өз оқырмандарын тапқалы қашан. Өнегелі өміріндегі көргені мен түйген ойлары, қолөнер жасаудың қыр-сыры мен киіз үйдің құрылымы туралы бай әдеби зерделеуді осы кітаптардан тауып оқуға болады. Сонымен қатар апамыз қолындағы бар артық дүниелерін біздің музейімізге тапсыруды да ұмытпайды. Ол ертеңін ойлаған зерек жанның көрегендігін көрсетеді. Қолдағы дүние жойылса да, музейдегі мұраның мәңгілік екенін білгендіктен де, солай жасап отыр. Жалпы айта берсек, апамыз – өзінің бар шығармашылық қыры мен айтар дүниесіне келешек ие болса деп тынымсыз еңбектеніп жүрген жан. Біз биылғы мерейлі жасында апамызды құттықтап, ұрпағына сепкен ізгілік дәнегінің қызығын көріп, ортамызда ұзақ жасап жүре берсін деп айтқымыз келеді.  Ақынын ардақтау қазақ халқы үшін  ата-баба салтымен келе жатырған үрдіс десекте болады. Себебі, қазақтың ақыны қашанда қара шаңырақтың төрінен табылып, табынары мен сүйінері ақын болғаны тарихымыздың өзінен әбден танымал. Ал, Дәмелі Құсайынқызы секілді қос өнерді қатар алып келе жатырған өнегелі жанға ризашылығымыздың екі еселенетіні сөзсіз. Олай болса, ақын ғана емес, батыр ана, бақытты әже, қарымды қаламгер және өнерлі тұлға ретінде, Сізге тек мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілейміз. Туған жеріңіздің қызы ретінде біз үшін Сіздің алар орныңыз бөлек болмақ. Қашанда біз үшін теңіздей  терең халық ішіндегі, алмастай асыл ойыңызбен дарабоз дарын иесі болып қала береріңізге сенімімдімін. Сондықтан да жалпақ  жұртыңызды  жақұт жырларыңызбен қуанта беріңіз деп тілек білдіреміз.

А.Ойшыбаева,

Сырым Датұлы атындағы

тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар