5.04.2018, 13:05
Қараулар: 74
Білім саласы дамудың жаңа кезеңінде

Білім саласы дамудың жаңа кезеңінде

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына 2018 жылдың 10 қаңтарында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті жолдауын жариялаған  болатын.   Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев  алдымызға он міндет қойып отыр.

Ұлт көшбасшысы қойған он мақсаттың  жетіншісі «Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы» деп аталады. Осы міндетте Елбасы білім берудің жаңа сапасына тоқталды.

Алдағы жылдары білім беру саласында, соның ішінде мектептерде төмендегідей өзгерістер мен жаңашылдықтар күтіп тұр.

  1. Оқушыларға берілетін тапсырма азаяды. Елбасы оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары, ЭЫДҰ елдеріне қарағанда орта есеппен 1/3 еседен көп екенін айтып, оны төмендетуді тапсырды.
  2. Өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлер, лабораториялар және 3D-принтерлер секілді барлық қажетті инфрақұрылымы бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісі құрылады.
  3. 2018 жылдың 1 қаңтарынан мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 30%-ға көбейеді.
  4. 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі енгізіледі.
  5. Мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30%-дан 50%-ға дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.
  6. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізіледі.
  7. 2019 жылдан 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
  8. 2021 жылы орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға (мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар) көшу аяқталады.
  9. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі әзірленеді.
  10. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізіледі.
  11. Білім беру мекемелері арасындағы бәсекелестік артып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру.

Сонымен бірге, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту; терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату; оқытудың мазмұндылығына заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы толықтыру; цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру; «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру сияқты мәселелерді ортаға салған. Осыған сәйкес ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту керек, «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналатыны сөзсіз.

Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді.  Ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады. Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек. Осы орайда Елбасы көрсеткен он міндет бойынша қоғам бар күшін сала еңбектенсе, оған мемлекет тарапынан лайықты жағдай жасалса, біз бағындырмайтын шың болмайды.

Зәмзагүл Ерғазиева,

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы