5.04.2018, 13:09
Қараулар: 72
Өнегелі ғұмыр

Өнегелі ғұмыр

Федянин Ким Николайұлы 1938 жылдың  сәуір айының 13 жаңасында Жымпиты ауылында дүниеге келді.

Ким Федяниннің әкесі, марқұм Николай кезінде гимназия бітірген, қаржы саласында, кеңшарда басшылық қызметтер атқарған, Жымпитыда орыс тілі, тарих, математика пәндерінен дәріс берген, қазақ, татар, неміс, француз, латын тілдерін өте шебер меңгерген, скрипкада ойнап, халық әндерін құйқылжыта айтатын білімдар, өнерлі жан болған.

Ал, Ким Николайұлының атасы марқұм Иван өте білімді, Алаштың қайраткерлері Жаһанша  және Халел Досмұхамедовтермен өте жақын араласып тұрған ойшыл, көреген азамат еді. Міне, осындай отбасында тәрбиеленген, келешек өміріне де батыл да нық қадам басуды білімді ортадан сана-сезіміне сіңіре білген Ким Николайұлының да өмір баспалдақтары сәтті басталды.

Ким Федянин 1958 жылы Жымпиты орта мектебін (қазіргі Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп) ойдағыдай бітіріп, сол кездердегі А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институына оқуға түсіп, физика және өндіріс негіздері мамандығын меңгереді.

Сөйтіп, жас маман иесі К.Федяниннің қызметтік жолы 1963 жылы Жымпитыдағы орта мектептің оқушыларына дәріс беруден басталды.

Уақыттың қалайша тез өткенін де байқамай қалатындығымыз рас. Осы тұрғыда әңгімеміздің басты кейіпкері болып отырған  Ким Николайұлының 2004 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін 41 жыл бойы мектепте үзіліссіз қызмет атқарып, оның 10 жылын мектеп директорлығына арнағандығын бірі білсе, енді бірі білмей жатуы да заңдылық нәрсенің бірі.

Айта кетерлік бір жағдай, К.Федянин педагогикалық қызмет атқарған жылдары осы саладағы жетістіктер де жұлдыздай жарқырап, ерекше көріне бастады. Мәселен, оның тікелей атсалысуымен жасақталған физика кабинеті тек ауданға ғана емес, облыс бойынша үздік танылып,  заман талғамына сай жабдықталған кабинет атанды.

Ол әлденеше рет облыстық, республикалық педагогикалық оқуларға  қатысып,  жасаған құнды баяндамалары үшін марапаттарға ие болды. Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің үздік белгісінің иегері, ҚР Білім министрлігінің, облыстық, аудандық қоғамдық ұйымдардың бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталған, бірнеше рет аудандық Кеңестің депутаттығына сайланған жаңашыл ұстаз К.Федяниннің суреті бүгінде облыстық білім жетілдіру институты мен аудандық  білім беру  бөлімінің Құрмет тақталарынан орын алған.

Ұстаз шәкіртімен мақатанады. Осы сөзде терең мағына, ұлылық жатыр емес пе?! Мәселен, Ким Николайұлы 2014 жылға дейін мектеп түлектерін жоғарғы оқу орындарына түсу мақсатында оқушыларды әзірлеуші (репетитор) қызметін атқарып және дайындаған оқушыларының бәрі де грант иелері атанып, ұстаздың да үмітінің ақталғандығы бар.

Сондай-ақ, педагогикалық өтілдері 260 жылдың үстіне шығып кеткен Федяниндер әулетіне  2012 жылы ұстаздар мерекесіне орай Орал қаласында «Педагогикалық әулет» атағы салтанатты жағдайда берілгендігін де айта кеткен жөн.

Айтқандайын, жоғарыда айтып өткеніміздей шәкірттерімен мақтанатын жаңашыл ұстаз К.Федянин шәкірттері Н.Шапекова (Астана), Н.Жакиев (Астана), Қ.Молдашев, К.Әжіғұлова, Х.Ағеділова, А.Өмірбаев, Б.Қожахметов, Э.Исмағұлов тағы басқаларының  әр қиырда  қызметте жүрсе де, туған елін бір сәтке де естен шығармай, қамқорлық, қолдау танытып отырғандарына бек риза сезімде.

Ол зейнеткерлік демалыста  болса да, қоғамдық жиындардың, дөңгелек үстелдердің, форумдардың сыйлы да белсенді қонағы қатарында саналады. Сондай-ақ, оның жазған құнды мақала, ой-толғамдары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланса, облыстық «Ақжайық» теларнасы әзірлеген «Мерейлі отбасы» бағдарламасында Федяниндер отбасы жөнінде әсерлі хабар көрермендер назарына ұсынылды. Оның ұстаздық салаға арнаған құнды еңбектері «Қазақ жерінің Құрметті азаматтары» және «Алаштың Ақ Ордасы-ІІ» атты кітаптарына енгізілсе, өткен жылы Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы да бөлек құнды дүние ретінде деректі  суреттермен өзіндік тарихи орынын тапқан.

Ким Николайұлы 30 жылдай орыс әдебиеті және орыс тілі пәндерінен оқушыларға дәріс берген Сафура Хұсайынқызымен  үлгілі отбасының бірі ретінде шаңырақ құрып, 2 ұл, 3 қыз, тәрбиелеп өсіріп, немере, жиендер күлкісіне бөленген бақытты ата мен әже.

Сөздің ретіне қарай мына жәйтті де айта кеткен жөн болар.  Ким Николайұлының ағасы  Борис Николайұлы мен апасы Надежда Николайқызы кезінде ауданның құрметті азаматтары атағын иеленгендердің  қатарында болса, енді міне,  2015 жылдың қазан айында  К.Федянинге де аудандық мәслихаттың шешімімен Сырым ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.

Міне, бір әулетте үш  Сырым ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты да  тұлғалы азаматтар өнегелі өмір жолдарымен жан-жағына әдемі де жылы шуағын шашып тұр деген осы емес пе?!

Иә, 80 жастың да төріне шығып отырған Ким Федянин бүгінде тың, өзін ширақ сезінеді. Теледидар, радиодан хабарлар тыңдауды күнделікті дағдысына айналдырған ол басылымдарды оқып, оқырмандармен ой бөлісуге де уақыт табады.

Айтқандайын алдағы апта ішінде аудан басшылығының  қолдауымен 80 жасқа толып отырған мерейтойдың иесі К.Федянинге арналған «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты кең ауқымды мәдени шара өткізілмек. Өткізілгелі отырған  салтанатты шараның аясында  Қ.Мырзалиев  атындағы орта мектебінде арнайы физика кабинеті ашылып, оған К.Федяниннің есімі беріледі.  Сондай-ақ, шара шеңберінде арнайы көрме, басқалай да ауқымды шаралар өзіндік нәтижесін бермек.

Ғажайып ғұмыр, үлкендердің ұлылығы деген осы болса керек. Федяниндер әулетіне осындай атау да жарасып, өзіндік жарасымдылығын тауып тұрғандығына қалың қауым куә.

 

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы