12.04.2018, 15:45
Қараулар: 58
Жымпитыдағы алғашқы драматург

Жымпитыдағы алғашқы драматург

Туған жердің көне тарихы талай асыл тұлғалардың туғанын тағы бір талантты ұлымен дәлелдейді. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұлы Отан соғысының ардагері, драматург Нығымет Баймұхамбетов туралы біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Нығымет Баймұхамбетов 1904 жылы Орал облысы, Жымпиты ауданы №1 ауылда туған. 1925-1927 жылдары Орал педагогика техникумында оқиды, кейінірек Қазақтың Абай атындағы қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген. Ол ұзақ жылдар бойы Совет және кәсіподақ ұйымында жұмыста болды. Содан кейін Абай атындағы Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Құрманғазы атындағы Өнер институтының әдеби редакторы болды. Алғашқы әдеби еңбегі — «Атыс» пьесасы 1937 жылы жарық көрген. Бір қызығы Алашорда тарихындағы қысыл таяң шақпен ауыл есін жия алмай жүрген уақытта, Жымпитының бір баласы Алматыда әдебиетпен айналысып, шығармалар жазып жатыпты. Ал, өзінің аты айтып тұрған «Атыстағы» оқиға нені суреттеді, ол жағы бізге жұмбақ. Өмір ғой дейсің де ұлттың ұлылығы мен перзенттердің еңбектеріне, осындай тұлғалардың топырағымыздан түлеп ұшып өз қарекеттерін жасағанына қайран қаласың. Қазақстан Жазушылар Одағына мүше Нығмет Баймұхамбетов өз кезегінде «Еңбек ері» (1939), «Әсия тастар» (1949), тағы басқа пьесалар жазды. Сондай – ақ, аударма жазуменде айналысып, Шекспирдің «Ромео — Джульеттасын», А.Чеховтың «Шие бағы» опера либреттоларын аударды. Оның аудармасы арқылы Абай атындағы Опера және балет театры сахнасында «Евгений Онегин», «Демон», «Қарғаның мәткесі», «Чио-Чио-Сан», «Даиси» және басқа опералар қойылды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмір жолдары туралы дерек жоқ, бірақ «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін» медалімен марапатталғандығы туралы жазылған. Алматы қаласында  1969 жылы қайтыс болғандығы жөніндегі деректер ғана сақталған. Бар ғұмыры жарты бетке ғана сиып кететін тұлғаның біз білмейтін қырлары кім–кімге де қызықты. Музей қорын ақтарa  отырып қолыма  түскен бір қатынас қағаз көп ой салды.

Ол хат 1994 жылы Қазақстанның Жазушылар Одағы  Басқармасының екінші хатшысы Төлен Әбдіков Сырым ауданының сол кездегі әкімі Әжібаев Есберген мырзаға арнайы жіберіпті.  Хаттың мақсаты сол жылы Нығмет Баймұхамбетовтың 90 жылдығын атап өтуге білдірілген өтініш болатын. Қазірде ондай өтініштерді аудан тарапы өздері қолдап, Одаққа хат жазып жатады, тек олардың қатысып қолдаулары сирек. Сол уақытта аудан әкімі орынбасарының қызметін атқарып жүрген Марат Сақыпұлы Қадыровқа жолданған бұрыштамасы бар қатынас музей қорында Қабышев Сәди ағайдың құжаттарының арасында жүр. Уақыттың сол кездегі той тойлауға мұрша болмағанын  ескерсек атап өтілгеніне күмәніміз бар.  Ал, алдағы жылы драматургтың 115 жылдығына тура келетіндіктен, руһани жаңғыру аясында шығармаларынан сахналық  пьесаларын қоюға, түрлі іс – шаралар өткізуге аудандық мәдениет үйі өз жоспарларына қосса деген ниет білдірмекпін. Себебі, жоғарыда аталған шығармалар қазақтың жауһар шығармалары нағыз мәдени мұра болатын руһани дүниелері. Олардың көш басында өзіміздің жерлесіміз тұрса қалайша қолдамасқа. Мүмкін аудандағы мәдениет саласының ардагерлері,  болмаса көз қарақты аға буын Нығмет Баймұхамбетов  туралы тың деректері болса бізбен бөлісіп музейге әкелсе деп те айтқым келеді. Осы аталған шығармалардың біразында жерлес апамыз Роза Жаманованың ойнағанын білеміз. Демек олар таныс әрі әріптес болған болу керек деген болжамым да жоқ емес. Қалай дегеннің өзінде жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жымпитыдағы  тұңғыш драматург, филолог Нығмет Баймұхамбетов туралы әліде еститінімізге еш күмәнім жоқ.

А.Ойшыбаева,

Сырым Датұлы атындағы тарихи–өлкетану музейінің меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар