19.04.2018, 12:23
Қараулар: 61
Қуанай қазірет жайлы бірер сөз

Қуанай қазірет жайлы бірер сөз

Алаш орда қайраткерлері туралы айтылғанда олардың қастарында бірге болған  ишан–молдалар  жайлы айтылмай қалмайды. Солардың қатарында шоқтығы биік тұратын бір адам болса, ол Қуанай қазірет. Кезінде Жаһанша мен Халел Досмұхамбетұлдарының қастарында ақылшысы әрі ауылдағы ең беделді қарттардың бірі болған.

Қуанай  Қосдәулетов 1863 жылы Жымпитының  Қособа ауылдық  кеңесінде туған. Жоғары діни оқу орнын Бағдат қаласынан бітірген және Стамбулдағы Айя Софья мешіт – медресесінде имам болған.  Руы  байбақтының Түкіші, оның  Қанатай бөлімі. Шідерті мен Өлеңті  өзендерінің  қосылған  жері – Қоспада,  мешіт  ұстаған тоқсоба  руынан  шыққан  Шүйінішқали деген молда болыпты. Сол молданың қызына үйленіпті.   Шүйінішқали қартайғасын,  өзі ұстаған мешітті күйеу баласы Қуанайға тапсырған.  Мұсылман  зиялыларының басы қосылған Қаратөбеде өткен Алаштың бірінші съезінде салық жөнінде екі түрлі пікір туғанда өзара келіспей қалғандарға «ұлт боламын десеңдер бірігіңдер» деп келіссөзге шақырып, Жаһаншалардың сөзін сөйлеп елді бірлікке шақырады.   Уфадағы бай–мұсылмандық  ұйымның мүшесі ретінде ол Батыс Қазақстан бойындағы жұртшылық арасында мұсылман дінін кеңінен насихаттау мақсатында жұмыс  жасайды.   Бұрын жабылып қалған мешіттерді, медресе ашуды қолға алып, мұсылмандық жолда  белсенді қызмет жасайды. 1926 жылы Уфада өткен Бүкіл  мұсылмандардың 3-ші съезінде ол негізгі баяндамашының бірі болады.  Съезден соң Уфадағы діни ұйымның бастығы Кашаф Тәржіманов діни жұмыстарды жергілікті жерде насихаттау үшін «мұхтасибтер» Нұрмуханов Хасанды Гурьев округіне, Ізтелеуов Самиғолланы Ақтөбе округіне, ал Қуанышқалиев Құрманғали мен Тобсобин Жұмағалиды Қаратөбе ауданына, Қуанай Қосдәулетов пен Ахмеджанов Қайыржанды Жымпиты ауданына жіберуге шешеді.  (Мұхтасиб – жоғары діни атақ)  Бұлар тапсырылған  бұл жұмыста 1928 жылға дейін белсенді атқарған. Елде ірі байларды тәркілеу басталғанда 1928 жылға дейін жеке меншігінде 20 сиыры, 100 қойы, 10 жылқысы, 6 түйесі бар Қуанай бай да, осы салаға жатқызылып, отбасымен үш жылға жер аударылған.  Отбасындағы жағдайында 56 жастағы әйелі Гүлстан, 31 жастағы баласы Қуанаев Зәкір, 20 жастағы келіні Қуанаева Мержан болған. 1937 жылы  29 қазанда  Қуанай  Қосдәулетов 74 жасында «халық жауы» болып тұтқындалады.  Орысша сауаты бар ол тергеушіге түсініктемесін орыс тілінде жазған. 1937 жылғы 5-желтоқсанда РСФСР ҚК 58-2, 58-11  баптарына сәйкес УНКВД-ның БҚО бойынша Үштігі соттаған. 1937 жылы 7 желтоқсанда атылған.  Батыс  Қазақстан облыстық соты президиумының 1965 жылғы 27 қазандағы қаулысымен ақталған.

Қуанай Қосдаулетов секілді өз заманында Жымпитының басында Алаш қайраткерлерімен тізе түйістіріп қызмет ету сауатты жандарға ғана бұйырған.  Өкініштісі  олар туралы деректер тым мардымсыз болып келеді. Жоғарыдағы өмірбаяндық деректерді біз өлкетанушы ағамыз қаратөбелік Қайыржан Хасановтың соңғы еңбектерінен алып отырмыз. Батыс Алашорда үкіметінде  белсенді  қызмет атқарған Қуанай Қосдәулетовтің тағдырына қатысты қысқаша дерек осындай. Ал, діни қызметкерлер сүгіретке  түспейтіндіктен ешқандай фото дерек сақталмапты. Жалпы көптеген әдеби шығармаларда Қуанай ағамызды елге сыйлы, сауатты, ықпалды қалпында көрсетеді. Біз музейімізге діни қызмет атқарған адамдардың сақталмауына байланысты фотосуреттерін қоя алмаймыз. Алайда түрлі кездесулер мен дөңгелек үстелдерде, музей сағаттары мен дәрістерде олар туралы міндетті түрде айтып отырамыз. Мысалы, Дәулетияр мен Шүйеке ишандардың ашаршылық кезінде қыруар  бала-шағаны  аман алып қалғандығын ауданымыздың ардагері Нұрмұханов Қайыржан ағамыздың естелігінен біліп жүрміз. Олар туралы ел аузында осындай аңыз әңгімелер әлі де болуы мүмкін. Мүмкіндік болса көзіқарақты оқырман біздерге әкеліп тапсырса жақсы болар еді дегіміз келеді.

 

А.Ойшыбаева,

Сырым Датұлы атындағы

тарихи–өлкетану музейінің меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар