26.04.2018, 15:21
Қараулар: 39
Есте қалар ерекше күн

Есте қалар ерекше күн

Жақында менің басымда қуанышты жай болды. Аудан басшылығының қолдауымен, мектеп түлектерінің бастамасымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер»  жобасын іске асыру мақсатында мерейлі 80 жасыма орай аудандық мәдениет үйінде «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты салтанатты іс-шара өтті.  Аталған шара аясында ЖББ Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектебінде арнайы физика кабинеті ашылып, оған менің есімім берілгеніне ризашылығымды білдіремін. Мерейлі 80 жасымның құрметіне орай аудан әкімі Т.Төреғалиев құттықтау сөзінде: «Сіздің тойыңыз – шәкірттеріңіздің, тіпті еліміздің тойы! Жақсылықты елмен бірге көре беріңіз» деген лебізі маған қатты әсер етті.

Менің шәкіртім Қазақстан Республикасының суретшілер Одағының мүшесі Сатыбалды Көлбеков сөз алып,  майлы бояумен салынған төл туындысын сыйлап, еңбегім жайлы жылы сөздерін айтқан кезде «Ұстаз еңбегінің жанғаны – осы болар» деп кеудемді зор қуаныш сезімі билеп, ерекше бір күй кештім. Ең құндысы өзімнің шәкірттерімнің бірі бүгінде аудан әкімі аппаратының қызметкері Ерболат Исановтың ұстазына арнаған сөзі мені қатты толқытты. Таңқаларлығы, мектеп бітіргеніне қанша жыл өтсе де, көптеген физикалық құбылысты заңдарын жатқа айтып, әсіресе А.Эйнштейннің салыстырмалы теориясының принциптерін осы өмірмен байланыстыра келтіріп, салыстырмалы теориясының қазіргі кезеңде маңыздылығын айтқан кездегі мысалдарына риза болдым. Осы жерде Ерболат өзінің өте сауаттылығын, біліктілігін, сөзге шеберлігін білдіре алды. Осындай шәкірттеріммен қалай мақтанбассың! Әр жылдағы шәкірттерімнің бірқатары Калаков Шамиль, Акбасов Марат,  Махметова Бибігүл, Темірғазиева Гүлзия, Насырова Аэлита, т.б. азамат-азаматшалар тілектерін білдірді. Еліміздің түкпір-түкпірінен Астана, Алматы қалаларындағы шәкірттерім генерал-майор Уали Еламанов, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Құспан Молдашев, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Нұрхат Жакиев тікелей эфирден құттықтауларын жолдап көңілімді бір марқайтты.

Арнайы шақырылған қонақтар ішінен Орал саз колледжінің скрипкашы ұстаздары әкемнің сүйікті  «Япурай», «Полонез Огинского» шығармаларын әуелете  орындаған кезде көзіме жас алып,  балалық шағымның  естеліктері көз алдыма келді.

Осы орайда мерейтойыма арналған кеште жан–жақтан келген құттықтау хаттарда  шек болмады. Атап айтсақ, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы, БҚО білім басқармасы, Сырым аудандық мәслихаты, Қазталов ауданы әкімдігі, аудандық білім беру бөлімі, аудандық мәдениет үйі ұжымы, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы мектеп ұжымы, әр жылғы мектеп түлектерінен келген құттықтау хаттарға жүрекжарды алғысымды білдіремін.

Адам еңбегін елеп, алтын уақытын осы бір кешке арнаған аудан әкімі Т.Төреғалиевке, мектеп ұжымы мен осы кешті тамаша ұйымдастырған мәдениет үйінің қызметкерлері Ақкүміс Мурадимоваға, Мұрадым Ғұбайдуллинге және т.б. шараға үлестерін қосқан өнерпаздарға  зор алғыс!

«Ел алғысын алсаң елеулісі боларсың»  дегендей, осы кезге дейін бір білім ордасында үздіксіз 41 жыл еңбектеніп, бар өмірімді шәкірттеріме арнап, бүгінде сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын.

Осы көрсеткен құрметтің шапағатына ие болып, отбасымызбен үлкен қошеметке бөленіп, қуанышпен тарқастық.

Бұл менің есімде қалған ең үлкен мәдени, әрі тарихи тағылымды да мазмұнды шара болды. Туған жеріме басымды иіп, өздеріңізге шын жүректен алғыс айтамын!

Ким Федянин,

Сырым ауданының Құрметті азаматы,

ардагер ұстаз