24.05.2018, 15:53
Қараулар: 70
Заңды тұлғаны тарату тәртібі

Заңды тұлғаны тарату тәртібі

Заңды тұлғаны тарату тәртібі ҚР 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 50-бабымен реттеледі. Заңды тұлғаның қызметін таратуды тіркеу үшін құжаттар тізбесі «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2198 Заңының 16-бабымен көзделген. Жою негіздері Кодекстің 49-бабымен реттелген. Оған сәйкес заңды тұлға еркін түрде, заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесінің немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның, сондай-ақ құрылтай құжаттарында осыған уәкiлеттiк берiлген органының шешiмi бойынша, не соттың шешімі бойынша мәжбүрлі түрде таратылуы мүмкін.

ҚР Азаматтық кодексінің 50-б. 1-тармағына заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесі немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органына, тіркеу орны бойынша мемлекеттік кіріс органына дереу жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, интернет-ресурс арқылы хабарлауға мiндеттi.   Сонымен қатар осы кодексінің 3-тармағына сәйкес тарату комиссиясы заңды тұлғаны тарату, сондай-ақ оның кредиторларының талаптарын мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмi туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында жариялайды. Бүгінгі таңда «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС құрамына кіретін «Заң газеті» және «Юридическая газета» әділет органдарының ресми баспа басылымдары болып табылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгі туралы ережеге сәйкес «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС Әділет министрлігінің қарауындағы ұйымдар тізбесіне енгізілген.

Заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш тiркеушi органға заңды тұлғаның таратылғаны туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемінде екі ай өткен соң ұсынылады.

Сот шешімімен таратылған заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу сот шешімі және тарату ісін жүргізудің аяқталғаны туралы сот ұйғарымы негізінде жүзеге асырылады.

Тарату негiздемесi бойынша заңды тұлға қызметiнің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін:

1) Қазақстан Республи­касының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш;

2) заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның не құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының заңды тұлға мөрiмен (ол болған кезде) бекемделген шешiмi;

3) заңды тұлғаның таратылуы, кредиторлардың талаптарды мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы ақпараттың Әділет министрлігінің ресми баспасөз басылымдарында жарияланғанын растайтын құжат;

4) облигациялардың және (немесе) акциялардың күшін жою туралы куәлік және (немесе) облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есеп не бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның тіркелген акциялар және (немесе) облигациялар шығарылымдарының бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органда жоқ екендігі туралы хаты;

5) заңды тұлғаның мөрiн (ол болған кезде) жою туралы құжат;

6) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда, заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат;

7) құрылтай құжаттары ұсынылады.

Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы шешімді алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тарату тәртібінің сақталуын тексереді, егер заңды тұлғада атқарушылық істер бойынша берешекті қоса алғанда ауыртпалықтар болған кезде, оның қызметін тоқтатуды деректер базасында тіркеу процесі көрсетілген мән-жайларды жойғанға дейін ақпараттық-техникалық сүйемелдеуге жатпайды және ол заңды тұлғаның немесе тіркеуші органның субъективті ниетіне байланысты емес.

Сондай-ақ, заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізеді.

Мемлекеттік кіріс органдары қызметін тоқтататын заңды тұлға бойынша Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмінің мәліметтері негізінде, есепке алу мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсынады не мұндай заңды тұлға “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және “Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы” Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен міндеттемелерді орындамаған жағдайда берешегі туралы аталған мәліметтерді ұсынудан бас тартады.

Егер тексеру процесінде тарату тәртібінің бұзылуы анықталмаса, тіркеуші орган заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш қажетті құжаттарымен қоса берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын тіркейді. Табиғи монополия субъектiсi қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттік тiркеудi тiркеушi орган табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның алдын ала келiсiмiмен жүзеге асырады.

Заңды тұлғаны тарату тәртібін бұзушылықтар анықталған кезде, сондай-ақ таратылатын заңды тұлғаның есептік тіркеуден шығарылмаған филиалдары (өкілдіктері) болған, есепке алу мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешегі болған не мемлекеттік кіріс органдары берешегі туралы көрсетілген мәліметтерді ұсынудан бас тартқан, мұндай заңды тұлға “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және “Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы” Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен міндеттемелерді орындамаған жағдайларда, тіркеуші орган заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім шығарады.

Заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлгеннен кейiн есептеледi.

 

Н.Кайыржанова,

Сырым аудандық әділет басқармасы  басшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар