24.05.2018, 15:58
Қараулар: 78
 » 
«Туған жерім — Бұланым»

«Туған жерім — Бұланым»

Бұлан ауылдық округінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында «Туған жерім – Бұланым» атты жерлестер форумы ұйымдастырылды.

Форумға аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов, ауыл ардагерлері, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, Бұлан және Жамбыл ауылдарында дүниеге келген бірқатар азаматтар және әр жылдары түлеп ұшқан түлектер қатысты.

Форум жұмысы Бұлан ауылдық округі ғимаратының алдында ҰОС ардагерлеріне орнатылған ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Келген жерлестеріміз ауыл ақсақалдарымен бірлесіп, ағаш көшеттерін отырғызып, ауыл нысандарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Осыдан соң келген жерлестер «Достық» лагерінің ауласында ұлттық спортымыз — аударыспақтан  өткізілген аудандық жарыстың ашылуына қатысты. Мәдениет үйінің көрермендер залындағы дөңгелек үстелде жерлестер бас қосып, округіміз бойынша болашақта атқарылатын кіреберістегі ауыл белгісін жаңғырту,балалар ойын алаңын алу, ескі саябақты жаңғырту жобалары талқыланып, ауылдың тарихы жайынан бейне-ролик тамашаланды. Форумға қатысушы жерлестер туған жердің көркеюіне көмек ретінде ауыл есеп шотына  ақшалай қаражат аударатындарын  айтып, жобаларды қолдаймыз деп, осындай үлкен көлемде шара ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

«Қариясы бар елдің қазынасы бар» дегендей, дөңгелек үстел 91 жастағы К.Мұхамбетжанова әжеміздің ақ бата тілегімен, әжелер ансамблінің белсенді мүшесі Қ.Қуатова анамыздың арнау өлеңдерімен аяқталды.

Шара  ауыл көркемөнерпаздарының дайындаған концертін тамашалаумен жалғасты.

А.Аманбаева,

Бұлан ауылдық кітапханасының меңгерушісі