24.05.2018, 16:06
Қараулар: 50
Егіннен күтер үміт бар

Егіннен күтер үміт бар

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қ.Молдағалиевпен бірге Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты егін егумен айналысатын шаруа қожалықтарының танаптарын аралап, тұқым себу жұмыстарының барысымен таныстық.

Алғашқы бас тірегеніміз К.Төлегенов басқаратын «Шырдай» шаруа қожалығының егіс алқабы болды. Дала жұмысын ұйымдастырып жүрген бригадир Әлібек Бегеевтің айтуынша, 1400 гектар жерге бидай, 428 гектарға суданка  тұқымын себуді бастағандарына бүгін 11 күн екен. Бүгін тұқым себу науқанын аяқтағалы отыр. Арада 4-5 күн жаңбыр қолбайлау болып, ерте бітіре алмапты. Науқанға себу агрегаттарымен 3 «МТЗ», 1 «К-700», 2 «Т-4» тракторлары қатысқан. Механизаторлар Қайрат Ғаббасов, Аққали Жексенбаев, Талап Каримов, Жолдығали Темірбаевтар өз ісінің шебері екенін дәлелдеп жүр. Жолшыбай «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Кәрімғалиевті жолықтырдық. Трактор руліне  өзі отырған жетекші танапқа тұқым жеткізіп оралған беті екен. 1800 гектардай еге аласыз ба деген Қ.Молдағалиевтың сұрағына 250 гектар егемін, оған мүмкіндігім бар деді.

«Бақтияр» шаруа қожалығының  жетекшісі мен механизаторларын түстікке бара жатқан жолда жолықтырдық. Жетекшісі Марат Бақтияров. 150 гектар алқапқа ғана егіп жатырмыз, кешегі 5 күндік жаңбыр кедергі болмағанда аяқтайтын едік дейді. Қали Ажғалиев жетекшілік ететін  «Тінәлі» шаруа қожалығында 3750 гектар егістік алқапқа дән себу қарқынды басталған. Жаңбыр кедергі болды дейді мұндағы механизаторлар да. Екі бірдей «Т-150» тракторларының құлағында ойнап, өндіріп еңбек етіп жүрген Орынбай Алшағыров пен Нұрлыбек Айтқұловтар болса жаңбырдан соң техникаға күш түсіп, сынуы көбейіп кетті, бірақ уақытпен санаспай жөндеп алып тоқтаусыз жүрудеміз дейді. Қазір «Джондир» аталатын алып техника келе жатыр екен. Тұқым тасуда «Камаз» көлігімен үлес қосып жүрген Бекжан Қаденовты айта кету орынды. Қали механизаторларының жағдайын жасап қойыпты. Үш бірдей жылжымалы  үйдің бірі демалатын орын болса, бірі асхана. Кіммен тілдессең де, биылғы  егістіктің ылғалы мен  жаңбырдан үміті көп. Егіс өнімі көңілден шығатын шығар деген сенімді сөз естиміз. Іске сәт, дихандар!

Махмет Қажиахметов,

Талдыбұлық ауылдық округі

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар