31.05.2018, 17:09
Қараулар: 132
Ашаршылық: Аңыз бен ақиқат

Ашаршылық: Аңыз бен ақиқат

Өткен ғасырдың нәубеті талай ұрпақтың  түп-тамырына шабылған балта іспетті болғаны рас. Солардың  ішінде Кеңес Үкіметінің қолдан ұйымдастырған аштықтары туралы айтуды жөн көрдік.  ХХ ғасырдағы жаңа қоғамның зұлматы алып одақты мекен еткен халықтардың күнкөріс тіршілігіне, ұлттық ерекшеліктеріне, тұрмыс жағдайына қарамай жекенің малын тәркіледі. Ортақ қоғамдық меншік деген бұрын-соңды болып көрмеген Кеңес Үкіметінің жүргізген саяси науқаны  халықты ашаршылыққа ұшыратты.

Сол жылдары өмір сүрген көз көрген қариялар бүгінде арамызда жоқ. Бірақ сол адамдардың тәрбиесінде болған біздер біраз әңгімелерді естіп қалдық. Менің әжем 1903 жылы дүниеге келген адам болатын. Ашаршылықты көрген жан нан қиқымын шашпауды, ысырапшылыққа бармауды үйрететін. Әжемізден талай аңызға бергісіз естеліктерін де естіп едім. Ол кісінің үнемі айтатын мақалы «Аштықта жеген құйқаңның дәмін тоқтықта ұмытпа» дейтін. Біздер,  «Құйқаның дәмін» неге айтасыз?- деп балалықпен сұрайтынбыз. Сонда әжеміз:  «Еее, сендер біз көрген қиындық пен ашаршылықты көрмеңдер, тамақ әбден біткенде, жерде аяқ астына төселіп жатырған қой-ешкінің тулағын кесіп, қайнатып ішкенді де, саршұнақ аулап соның терісінің дәмін татуды бұйыртқанды да көргенбіз» дейтін. Басында мән бермеген бұл әңгімелер бүгінде мен үшін таптырмас дереккөзіне айналып отыр. Өлген балаларын үйітіп жеген сұмдық оқиғаларды да оқып естіп жатамыз. Енді кім өледі деп, көздері аштықтан ештеме көрмей қалған адамдардан қорқынышты, һәм аянышты не бар дейсің.  Осыншама зұлматтың қолдан жасалғанын біле тұра дәрменсіздіктен қиналған ел басындағы Алаш азаматтарының жай-күйін жеткізе алмаспыз. Кейін тіпті «Аштыққа қарсы көмек көрсету орталығын» да құрып қолдан келгенше қарекет жасап бақты.  Бірақ оларға да оңайға түспегенін білуіміз керек. Кезіндегі Керенскийдің уақытша үкіметінен соң билікке келген Кеңес үкіметі де ешкімді жарылқамасын олар да білді. Амал нешік қолдан келер шара болды ма. 1928 жылы 27 тамызда «Байларды кәмпескелеу» туралы заң шығып, арты ұжымдастыруға ұласқанда соңы жақсылыққа бармасын білді. Оны Жаһанша Досмухамбетовтың берген тергеудегі жауабынан анық көреміз. Ол кісі «Әр түрлі жылдарда мен Совет үкіметіне деген көзқарасымды өзгерттім. 1923 жылдан 1929 жылдар аралығында мен Совет үкіметіне қарсы ешқандай әркет жасамадым.  Менің көзқарасымның теріс бағытқа өзгеруіне Совет үкіметінің коллективизациялау ісін бастағанда өзгерді. Себебі, мен коллективизациялау ісінің Қазақстанға мүлдем жарамайтынын және қазақ халқын құрдымға апаратын жол деп есептедім» дейді. (Мәскеу мұрағатынан) Тарихшы ғалымдар 1920-1929 жылдары 1 млн. 200 мың адам көз жұмса, тек қана 1930-1933 жылдары 2 млн. 279 мың адам аштықтан өліп, 1 млн.-ға жуық қазақтар шетелдерге кеткен, ал қазақ даласындағы 40 млн. бас малдан 4 млн.-дай ғана қалған деген деректерді келтіреді.

Қазақ даласын қазан төңкерісі соқпай өткен деген желеумен республиканың партия басшысы Голощекин елде жекенің малын тәркілеп, қоғамдық  ұйымдастыру науқанын өте пәрменді жүргізді.  Голощекиннің шын аты Шая Исаякович Фран, кезінде Романовтар әулетін өлтіріп, өртеп жіберген қанішерден не күтуге болады. Қазақ даласына ол әкелген нәубеттің салған жарасы аз емес болатын. Біздің ауданымызда да сол жылдары отыздан астам байлар тәркіленіп, олардың дүние-мүліктері біздің  қазіргі Сырым Датов көшесінде ұзыннан шұбап жатырғанын, бір қазақ келіп сол жерден сабақты ине де алмағанын, ауылымыздың ақсақалы Қайыржан Нұрмұханов ағамыз өз естелігінде айтқан болатын. Ал, мына бір дерек деректі фильмге түсіп қалыпты. Онда елге салынған салықтан жазықсыз жанның қалай жапа шеккенін көруге болады. «Орал облысы, Жымпиты ауданы. Орта шаруа Есеналиевқа 50 пұд ет тапсыруға 10 сағат уақыт беріледі. Ол өзіндегі 3 сиырдың екеуін сойып етке өткізеді. Етті тапсырады, бірақ өзі малын сойғаны үшін сотталып, қалған малы тәркіленеді». (Материал деректі фильмнен алынды). Бұл, міне, сол кездегі солақай саясаттың бір ғана ылаңы. Осылайша қаншама адамдардың тағдыры опат болды. Бұл науқаншылық малымен күн көрген қазақ халқына ауыр тиді. Малдарынан айырылған қандастарымыз ашаршылыққа ұшырады.

Саяси науқанның белсенділігі сондай, ұжымдастыру науқанын Қазақстан басқалардан көш ілгері, орталық Ресейдің аймақтарынан бұрын аяқтады. Бұл уақыт ұлтқа әкелген нәубет, аштық жылдары болды. Ауыздарын арандай ашып келген аштық өңірлер мен әрбір отбасын қамтыды. Сол зұлмат жылдары бір­қатары ел оңтүстікке, көрші елге ауды, дегенмен  іргелерін көтермей, «өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей дарияның, көлдердің балығы, тоғайындағы аң-құсымен күн көріп, қиын уақытты бастарынан өткізгендері жайлы үлкендер айтып отыратын.  1932-1933 жылдардың қысы қатты суық, қары қалың болды. «Жұт жеті ағайынды» демекші,  жекелерден  ұйымдастырылған қоғамдық малдар қора-қопсы, жем-шөптің жоқтығынан, бағып-күтім жасаудағы тәжірибенің жетіспеуінен қырыла бастаған. Санақ материалдарының толық болмауы осы ашаршылық жылдарында қанша адамның қырылғанын нақты айтуға әлі де мүмкіндік бермей келеді. Екінші ашаршылық 1930-33 жылы болды. Оның себебі — Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою, бас көтертпес ет, астық, т.б. ауыл шаруашылығы өнімдері салықтары, көшпелі және жартылай көшпелі Қазақ шаруаларын жаппай және күшпен отырықшыландыру науқандары болып табылады. 1926, 1937 және 1939 жылдардағы санақтар материалдарындағы олқылықтар осы ашаршылықтағы адам, басқа шығындар санын дәл анықтауға кедергі келтіріп, ғалымдар арасында әр түрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болуда. Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Негізінен жас балалар мен Әйелдер қырылғандықтан оның демографиялық  зардабы ауыр болды. Қазақтардың сан жағынан өсуін қатты тежеді. Кейіннен асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленгенімен, бұл  ашаршылықтар “қызыл қырғын”, “голощекиндік геноцид” деген тарихи атқа ие болды. Голощекиндік геноцидтің Қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында (процент есебімен) гитлершілдердің Еуропадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар келіп, Кампучиядағы “қызыл кхмерлер” зардабынан асып түседі. 1932 мешін жылы болған бұл зұлмат 20-ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады. Әр жылдың 31 мамыры күні Қазақстан халқы осы “қызыл қырғын” құрбандарын еске алады.  Сондықтан да, біздің бүгінгі өскелең ұрпақ сол зұлматты жылдардың тарихын біліп, бүгінгі тәуелсіздіктің арқасындағы аста–төк баршылықтың қадірін білсе екен дейміз.

А.Ойшыбаева,

Сырым Датұлы атындағы тарихи–өлкетану

музейінің меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар