21.06.2018, 11:42
Қараулар: 183
Жағалбайлы Тайлақты іздеп жүр екен

Жағалбайлы Тайлақты іздеп жүр екен

Сырым ауданына  Қостанай облысы Жітіқара қаласынан арнайы экспедициялық топ келді. Олар біздің жақтан Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан Тайлақ батырдың бейітін іздеп жүр екен. Топ мүшелерін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев арнайы қабылдады.

Тайлақ  – қазақтың тарихындағы белді тұлғалардың бірі. Батырдың ХVIII ғасырда Ордабасы тауында өткен үш жүздің құрылтайында Кіші жүз жасағының қолбасшылығына сайланғаны туралы да тарихи деректер бар. Топтың жетекшісі, өлкетанушы Мырзабай Жақсылықовтың болжамынша, сол Тайлақ батырдың зираты Сырым ауданының Жамбыл ауылындағы Тайлақ қорымында жатырған көрінеді. Өлкетанушы осы болжамын дәлелдеу мақсатында бірқатар еңбектер жазған, еңбектерін жазу барысында Сырым ауданына үш мәрте келген. Осы жолғы төртінші сапардың мақсаты – жаңағы болжамға қатысты жергілікті тарихшылардың пікірін білу екен.

Түске жақын аудан басшысы Төлеген Төреғалиев өзінің әріптестерімен және топ мүшелерімен бірге Жамбыл ауылының маңында Тайлақ қорымына барды. Осы жерде, бұл қорымның құлпытастары «Жайық ПРЕСС» ЖШС «Құлпытас сырын ашайық!» жобасының аясында зерттелгенін әдейілеп айтып кетуіміз керек. Зерттеу жұмыстарының барысында Тайлақ батырдың да құлпытасы оқылған. Жобаның авторы Жантас Сафуллиннің басылым беттеріне жариялаған «Құлпытас – тарихымыздың қайнары» атты мақаласында, Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүстікке қарай шамамен шақырымдай жердегі Тайлақ қорымындағы №3 құлпытас расымен де Тайлақ батырға тиесілі екенін, бірақ ол батырдың қонақтарымыз айтқандай Кіші Жүздің Жағалбайлы руынан емес, жергілікті Байбақты руынан екенін көрсеткен. Оны осы құлпытастағы араб қарпімен жазылған мәтінді аударған журналист Қазыбек Құттымұратұлы да растайды.

Тайлақ қорымында біздер 2014 жылы «Менің кіші Отаным!» атты тарихи – танымдық экспедициясының аясында болған едік. Қорымдағы бедері білінген құлпытастардың барлығында Байбақтының рутаңбасы бар екенін де осы кезде көрген едік. Өлкетанушы Мырзабай Жақсылықовтың Жағалбайлының батырының құлпытасы деп көрсеткен құлпытасында кері аударылған «Ғ» әріпіне ұқсас Байбақты руының таңбасы тұр. Құлпытас екіге сынған екен, бірақ жерге қадалған бөлігінен таңба анық байқалады. Тайлақтың құлпытасының мәтінін Қостанай жақтағы бір молдаға апарып Мырзабай қарт та оқытыпты. Ол жақтағы молда, құлпытас жағалбайлы руының адамына тиесілі деген қорытынды беріп, онысын растап, мөр соғыпты. Өлкетанушы сосын сенімді сөйлеп тұр екен. Бұл жерде қостанайлық молданың мәтінді дұрыс оқығандығы жөнінде сол молданың өзінен басқа ешкім кепілдік бере алмай тұр.

Біздің жақтың ұтатыны, Батыс Қазақстан өңіріндегі Тайлақ сияқты біраз қорымдардың жергілікті жұмыс топтарының көмегімен облыстағы ғалымдардың тарапынан зерттеліп жатқаны, кейбірінің зерттелгені, ең бастысы кәсіби мамандардың тоқтаған қорытындылары республика, тіпті Азия ғалымдарының оң мақұлдауын алғаны болып тұр ғой. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов Сырым ауданының кімнің де пікірімен санасатынын, қажеті болса нақты фактілер мен аргументтерді сәйкестестендіру үшін ғалымдардың кеңесін ұйымдастыруға да дайын екендігін айтты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар