21.06.2018, 11:49
Қараулар: 6
Рамазан айындағы қайырымдылық

Рамазан айындағы қайырымдылық

Қасиетті қадір түнінің уақытын сырымдықтардың біразы Жымпитыдағы орталық мешітте өткізді. Жамағат түн бойына намаздарға қатысып, құлшылықтарын орындады, намаздар арасында сұрақ – жауап әдісінде өткен уағыз – насихаттарды тыңдады. Оразаның 28 – інші таңының сәресі асы да мешіттен берілді.

Сырым аудандық мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Бековтың айтуынша, Рамазан айында мешіт ауласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ауызашарға жымпитылықтар биылғы жылы да белсенді атсалысыпты. Әсіресе, аудандағы мекеме ұжымдарынан бөлек, тұтас жамағатқа ауызашар бергісі келетін жеке тұрғындар да көп болған.

Рамазан айында Сырым аудандық мешітінде Құран Кәрім әліппесінен сабақтар жүргенін де айта кету керек. Бір ай бойы  «Нұр Мүбәрәк» Египет – Ислам мәдениеті университетінің түлегі Оразбек Жамбылұлы 30 шақты шәкіртке Құран әліппесі мен оны оқып – үйренуден сабақ беріп, жамағатқа фиқһ, ақида мәселелері турасында уағыздар айтты. Осы сияқты мамыр айында жоғарыда аталған университеттің студенті, болашақ имам Құрманғазы Аман мен Орал медресесінің шәкірті Мейірхан Талғат аудандық мешітке машықтануға келді.

Жергілікті жамағат Рамазан айында бірқатар қайырымды істер атқарды. Мәселен, ай бойына Жымпитыда тегін такси қызмет көрсетті. Мешіт жамағатының бастамасымен тұрғындардан қаржы жиналып, ол қаржы аудандағы бір азаматтың жеке тұрғын үйін көгілдір отын желісіне қосу үшін жұмсалатын болды. Қаражат Қадыр түнінде сол азаматтың өзіне табыс етілді. Мешітке келушілерден түскен пітір – садақаның қаржысына аудандағы әлеуметтік жағдайы әлжуаз 20 отбасыға азық – түлік алынып, берілді. Қасиетті айдың қызметін ауылдардағы мешіттер де асқан ұйымшылдықпен атқарды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар