28.06.2018, 15:35
Қараулар: 48
Әскерде ысылған Эльдар

Әскерде ысылған Эльдар

Науан Эльдар Жәнібекұлы – Алғабас ауылының баласы, оның әскерден келгеніне көп бола қойған жоқ. 2017 жылдың 10 сәуірінде әскерге аттанған ол  2018 жылдың 16 сәуірінде оралды. Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан ер жігіттің бойында күш-жігері тасып тұр. Қолына әскери билетін алған Эльдардың енді жүзеге асырар мақсаты көп.

Эльдар – әкесі Жәнібек Теміршин мен анасы Гүлмира Пұсырманованың отбасындағы сүт кенжесі. Алдында Рүстем, Альбина есімді аға-әпкесі бар.

Эльдар Науан М.Қаналиев атындағы Алғабас орта мектеп-балабақша кешенін бітірді. Мектепте жүрген кезінде ән айтып көзге түсті. Тәртібі де жақсы болды. Бір қызығы ағаш шебері болуды армандапты. Орал газ, мұнай салалық технологиялар колледжінде сырттай оқып жүргенде, әскерге шақырту қағазы келді. Сөйтіп, елін сүйген ер Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында 3 ай әскери оқу-жаттығуда болып, әскери өмірдің қыр-сырын үйренді. Одан соң Райымбек ауданы, Нарынқол ауылына аттанып,  әскери қызметті  өтеді. Әскерде жүріп, электроқұрылғылар механигі қызметін атқарды. Эльдар жанына спортты серік етуді де ұмыт қалдырмады. Жақсы футболшы ретінде танылып, командасымен жеңістерге жетіп жүрді.

Ата-ананың кенжесінде еркелік болатыны белгілі. Әскерде Эльдар ысылып, тәртіп пен тазалыққа үйренгенін айтады. Ата-ананың, тума-туыстың, дос-бауырдың, туған жердің, отбасының қандай ыстық екенін ұғынған екен.

–  Отан қорғап жүргенімде, өз міндетімді үлкен жауапкершілікпен атқардым. Себебі менің соңымда туған жерім, отбасым тұрды.   Әскерге барғаныма қуанбасам, еш өкінбеймін. Бүгінде әскерге бармай, жалтарып жүрген замандастарыма айтарым – Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың мойнындағы парызы, сондықтан әскерге баруға шақырамын,- дейді Эльдар Жәнібекұлы.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар