28.06.2018, 15:36
Қараулар: 65
Ұлтымыздың өткені мен бүгіні

Ұлтымыздың өткені мен бүгіні

Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді.

Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден—араб әліпбиі (1929 жылға дейін), екінші—латын әліпбиі (1929-1940 ж.ж.), үшіншісі—кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940 жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).

Елбасы Н.Ә.Назарбаев әліпбиіміздің жиі ауысқаны туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде атап көрсеткендей, 1929 жылғы 29 тамызда КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлары кеңесінің президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін енгізу туралы» қаулы қабылдады.

Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады.

Жалпы, кириллицадан латын алфавитіне көшу – еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал ресми түрде ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен басталады. Бұдан кейін де Елбасы бұл мәселеге бірнеше рет қайта оралды.

Латын әліпбиінің қажеттілігіне біздің көзіміз айқын жетіп отыр. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді мүмкіндік туады. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкеледі деп ойлаймын.

 

М.АҚбасов,

Жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы  орта мектеп директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар