28.06.2018, 15:39
Қараулар: 36
Қарымды қалам иесі еді

Қарымды қалам иесі еді

Айтқали Ибатов ағамен Жымпиты ауылына жұмыс бабымен ауысып келген 1986 жылдары таныстым.

Ол жылдары аудандық «Қызыл ту», кейіннен «Қайнар», «Сырым елі» болып аты өзгертілген газет редакциясында  небір қаламы жүйрік, от ауызды орақ тілді журналистер қызмет атқаратын.

Марқұм, сол кездердегі газеттің бас редакторы Бақтығұл Ойшыбаев мені газет редакциясына қызметке алып,  редакция тілшілері және штаттан тыс тілшілермен етене танысып, қызмет атқаруыма үлкен көмегін тигізді.

Осындай ақ көңіл, кең пейілді жандардың арқасында  ауылдық өңірдегі газетке етене жақын, қаламының желі бар азаматтармен де сырлас, жиі араласып тұрушы едім. Сондай азаматтардың бірі Айтқали Ибатов та өте ақ көңіл, қонақжай, көпшіл азамат болатын.

Мен Айтқали ағамен ауылдық округтерге жиі сапарға шықтым. Сол жылдары  А.Ибатов  аудандық, облыстық газеттердің штаттан тыс тілшісі болуымен қатар аудандық халықтық бақылау комитетінің штаттан тыс инспекторы, сауда жүйесін бақылаушы инспектор сияқты қызметтерді қолындағы  қызметтік куәлігін көрсетумен құлшына атқаратын. Нақтысын айту керек,  ол жылдары А.Ибатов тексеруге шықты деген хабар естілсе шаруашылықтардың, сауда, қоғамдық тамақтандыру сияқты орындардың басшыларының тізелері дірілдеп тұратын.

Аудандық газет беттерінде А.Ибатов жазған құнды мақалалар, аудандық халықтық бақылау тобы арқылы бірігіп (сол жылдары басшылық еткен  марқұмдар Б.Көптілеуов, инспектор Б.Қалиев) ұйымдастырған рейдтік мақалалар жиі-жиі жарияланушы еді.

Бірде Айтқали ағамен ауылдарға сапарға шыққан сәтімізде мынадай жәйттің болғаны бар.

Өзімізге қажетті мәліметтерді қойын кітапшамызға жазып жатқанымызда автоқаламның сиясы  бітіп, жазбай қалғаны. Сонда  қасымызда  тұрған адамдар «қаламдары жазбайтын неткен тілшілер бұлар» деп біздерді ұялтқандары бар. Сонда Айтқали аға: «Әй, бала,  сен тым елпілдеген, ақ көңілсің, ендігіде  сақтық үшін керек болады, қарындаш алып жүрелік, әйтеуір сиясы таусылмайды ғой» деп, мәз болып күлгені әлі күнге көз алдымда.

Айтқали аға көпшіл, бауырмал болатын. Дос-жарандары, ағайын-тумаларымен жиі араласып тұратын.

Талай мәрте біздер де Айтқали ағаның Өлеңті ауылы орталығындағы құтты шаңырағында болып, дастархандас болған сәттеріміз ұмытылар ма?!

Айтқали аға бала-келіні Ерік пен Алтынайды, немерелерін, қызы Алтынды, тағы басқа ұрпақтарын қадірлеп, арасында ақыл-кеңесін айтып отыратын сәттеріне де куә болдық. Ауласындағы бау-бақшасына,  малдарына көңіл бөліп, «осының бәрі де күнелтістің қамы, балалардың игілігі үшін ғой» деп айтып отырушы еді Айтқали аға әңгімесінің арасында.

Айтқали аға орта бойлы, шымыр, тез қимылдайтын жан еді. Қоңыр түсті «Орал» мотоциклдің және «Москвич» маркілі көліктің рөлін тізгіндеп, редакция ғимаратына, кей сәттері үйге соғып тұратын.

–  Бала, бүгін сендерге әлі сиясы кеуіп үлгермеген, күшті (осы сөзді жиі, тым әсерленіп айтатын) мақалалар әкелдім. Деректері де нақты,- деп ақ қағазға тізбектеле жазылған дүниесін қолыма ұстататын.

Көп кешікпей-ақ, Айтқали аға әкелген бұл мақалалар газет беттерінен орын алып, «А.Ибатов» деген қолмен оқырмандарына жол тартып жатушы еді. А.Ибатов аға кезінде аудан өңіріндегі  кемшін соғып жатқан тұстарын түйреп жазса, жылт еткен жақсылықтарды жарқырата жазды да.

Иә, өмір, дөңгелек деген осы. Жақсы адамның жақсылығы жөнінде жаза бергің келеді.

А.Ибатов аға  сондай жандардың сойылынан деп, кеуде кере айта аларымыз хақ.

Осындай адамдарды сағынады екесің. Сағынасың да аһ ұра күрсінесің. Уақытқа бағынасың, бағынасың да сол адамыңның келбетін көз алдыңа елестетіп, айтқан сөздерін көңіліңе демеу етесің.

–  Әй, бала,  тым елпілдей бермей, жұмысыңа мұқият бол.Тым ақ көңілдік пен аңғалдық та адам баласына жақсылық әкеле бермейді. Менің айтқан кеңестеріме құлақ ассаң, далада қалмайсың, — деген Айтқали ағаның сөздері әлі күнге  құлағымда, жан дүниемде жаңғырады да тұрады.

 

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

 

Суретте: Газеттің белсенді тілшісі А.Ибатов (ортада оң жақта)

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар