28.06.2018, 15:45
Қараулар: 46
«Ашық есік» күндері басталды

«Ашық есік» күндері басталды

Сырым ауданында ауыл тұрғындары үшін аудан әкімдігінің «Ашық есік» күндері басталды. Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында өткен бірінші кездесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және аудандағы бірқатар сала басшылары қатысты.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Құбаев округтің 2018 жылдың алты айындағы әлеуметтік–экономикалық аяқалысы туралы хабарлама жасады.

Бұл округте биыл түліктің сарыпқа шалдығу жағдаяттары жиілеген. Былтырғы көрсеткіш 26 басты құраса, биыл бұл көрсеткіш едәуір еселеніп, Жамбыл ауылы бойынша 38 бас, ал округтің орталығында 29 бас сарыпқа шығып отыр. Мәселеге алаңдаушылық білдірген аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, жағдай былай жалғаса берсе, округтегі мал шаруашылығына үлкен залал келетінін айтты. Жиында белгілі болғандай округте малдардан сынама алу жұмысы толық жүргізілмей қалған. Сарыптың қаулап кетуіне осы салғырттық та себеп бар. Аудан әкімі жергілікті ветеринар маманнан жұмысына жауапты болуын талап етті.

Өткен есептік кездесулерде Жамбыл ауылы бойынша негізінен екі мәселе айтылды. Оның бірі – ауылға техникалық су тарту мәселесі. Аудан әкімінің айтуынша, ол шаруаға кем дегенде 13 млн қаражат керек, әрі бұл жұмыс 2018 – 2019 жылдың жоспарында тағы жоқ. Ал ауылішілік электр желісін жөндеу, жарық тарату жүйесін өзгерту мәселесімен аудандық электр торабының басшысы Жұмағали Молдашев шұғылданатын болды. Жиында ауыл іргесіндегі Тайлақ қорымын қоршау туралы да ұсыныстар естілді.

Кездесуді қорытындылаған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев халықты мәселелерді шешуде әріптестік танытуға шақырды.

Аудан басшысы ауылдағы шаруаларға жазғы маусымдық жұмыстар кезінде ширақ қимылдауға, шөп шығымының төмен екендігін ескеріп, сапалы мал азығын дайындауда мүмкіндігінше уақыт жоғалтпауға шақырды.

Осындай кездесу  Бұлан ауылында да өтті. Бұландықтар аудан әкімінің алдында жайылым мәселесін көтерді. Алдағы уақытты тәулігіне 15 – 20 тонна су өндіретін 1 су ұңғымасы іске қосылуы мүмкін. Ол туралы Бұлан ауылындағы жиында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев айтты.

Б.ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

*       *       *

Аудан әкімінің ашық есік күндері Жетікөл ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан басшысы округ орталығы Қосарал ауылының, содан кейін Жетікөл елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Алдымен 2018 жылдың алты айындағы атқарылған жұмыстар жөнінде ауыл әкімі С.Ғабдуллин баяндама жасады.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары ауыз су және жол мәселелерін көтерді. «Сырым» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Руслан Тасқалиевтің сөзіне сүйенсек, «Таза су» қондырғысы арқылы берілетін судың сапасы қондырығының сүзгілері дұрыс айырмағандықтан ішуге жарамсыз. Жаңадан анықталып, зерттелген су көзінен тартылуға тиіс ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптама қорытындысы күтілуде. Ал Жетікөл елді мекені тұрғындары мал жайылымының тарлығы жөнінде мәселе көтерді. Бұл мәселе жөнінде аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ө.Уашев жауап берді. Жиналысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылап, аталған мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.

Мархат Гумарова