28.06.2018, 15:46
Қараулар: 92
«Домбыра сыйла» акциясы

«Домбыра сыйла» акциясы

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен үстіміздегі жылдың 1 шілдесі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленді.

Мұның өзі қоғамда ұлттық мәдениет  пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту бағытында жұмыстануды талап етуде.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңғырған қоғамның тереңнен бастау алатын рухани коды болатыны айтылады. Сондай-ақ, мақалада ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға баса назар аударылады.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру іс-шаралар жоспары негізінде барлық білім беру ұйымдарында «Домбыра сыйла» акциясы жүруде.

Акцияның басты мақсаты: ата-аналармен, мектеп түлектерімен, кәсіпкерлермен мектеп арасындағы қауымдастықты нығайту.

Ақпан-наурыз айларында ЖББ Қызылағаш НМ-не түлектер мектепке бірнеше домбыра сыйға тартса, ЖББ Жырақұдық ОМ директоры Е.Сүпығалиев және ЖББ Талдыбұлақ ОМ директоры А.Қуанышева мен ауыл әкімі Ж.Мұхамбетжанов өз қаржыларынан мектеп оқушыларына домбыра сыйлады. Және бұл акция ЖББ Қ.Мырзалиев ат.ОМ пен ЖББ Аралтөбе ОМ-терінде ұйымдастырылды.

Жерлесіміз подполковник, дирижер Жасболат Жұмағалиевтің атына аудандық балалар саз мектебінен ашылған сыныбына арнап жолдасы Қаламқас апай 5 домбыра сыйласа, сәуір айында «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор, Қадыр қорының директоры Донеділ Қажымов  5 домбыраны сыйға тартқан болатын.

Аудандық мәдениет үйінде жалпы білім беретін мектеп ұстаздары мен оқушылары арасында оздырылған «Сыр шертеміз тарихтан» фестивалінің қорытынды бөлімінде акцияны үздік насихаттап, белсенді жұмыстанған ЖББ Қызылағаш НМ ұжымын білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева марапаттады.

19 мамыр күні Көздіғара ауылында өткен жерлестер форумында мектеп оқушыларына 89 жылғы түлектер 2 домбыра, әнші, термеші Армат Алдамжаров 1 домбыра тарту етті.

«Соңғы қоңырау» шарасында осы акцияны ЖББ Абай ОМБК түлектері жалғастырып мектептеріне 6 домбыра, ЖББ Бұлдырты ОМ-нің түлектері 5 домбыра және ЖББ Ж.Досмұхамедов атындағы ОМБК-нің ата-аналары мектепке 3 домбыра сыйға тартты.

Бұл жұмыстар енді білім беру бөлімінің «Бір күй» жобасы аясында келесі оқу жылының қазан және қараша айында жалғасын табады.

Г.Шайхиева,

Сырым аудандық білім беру

бөлімінің әдіскері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар