5.07.2018, 9:56
Қараулар: 52
 » 
«Туған жер» бағдарламасын орындауда озық округ

«Туған жер» бағдарламасын орындауда озық округ

Сырым ауданы әкімдігінің «Ашық есік» күндері   Жырақұдық және Қособа ауылдарында өтті. Тұрғындардың мәселелерін әріптестерімен бірге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев тыңдады.  Кездесулерге Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты.

Жырақұдық ауылындағы бір мәселе – ол, жергілікті Жырақұдық орта мектебін жөндеуден өткізу. Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиеваның айтуынша, осы жазда терезе – шатырын ауыстыру, бөлмелерін қайта жоспарлау сияқты жұмыстарға сұранып тұрған басқа да мектептер бар екен. Жырақұдық мектебі де сол қатарда тұр. Кезек кімге бірінші келетіні әлі белгісіз. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бөлім басшысына ауыл мектептерін жөндеуден өткізу туралы жұмыстардың жоспарымен таныстыруды тапсырды.

Кейінгі жылдары Қособа ауылдық округі «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылға нысандар салу, ауыл көшелерін абаттандыру жұмыстары бойынша ауданда алға шықты. Биылдың өзінде Жырақұдық ауылынан ауыл мектептерін 1998 жылы және 2003 жылы бітірген түлектер балалар ойын алаңын, ал 2008 жылғы мектеп түлектері Қособа ауылынан «StreetWorkOut» алаңын салып, пайдалануға берді. Ауыл азаматтары енді тағы бір спорт алаңының құрылысына кіріспек.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының міндеттерін жүзеге асыруда Қособа ауылдық округінің өзге округтерден озық екенін атап өтіп, ауыл азаматтарының күшімен жасалып жатқан жұмыстарға ризашылық білдірді.

Ауылдардағы кездесулерде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиев, жер қатынастары бөлімінің басшысы Өтеген Уашев, жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев мал шаруашылығын жүргізудегі мемлекеттік көмектер, азаматтардың әлеуметтік мәртебелерін анықтау, аулалардағы өндірістерді қолға алу сияқты мәселелер бойынша хабарлама жасады.

Басқа округтердегі сияқты Қособа ауылдық округінің алдында да бірінші сапалы мал азығын уақтылы қамдап алу мәселесі тұр. Жиналыстардан кейін Сырым ауданының әкімі ауылдың жанындағы Қоқты көлінің орынындағы шабындықта болды. Бұл жерде «Хамза» шаруа қожалығы мал азығын дайындап жатыр. Механизатор Исатай Досқалиевтің айтуынша, шабындықтың басында күніне 100 бума шөп буылуда.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы