5.07.2018, 10:03
Қараулар: 38
 » 
Қызылағаш 2 миллион жарым теңгені қайда жұмсайды?

Қызылағаш 2 миллион жарым теңгені қайда жұмсайды?

Cырым ауданы әкімдігінің елді мекендердегі «Ашық есік» күндері жалғасуда. Кешегі аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев әріптестерімен бірге Аралтөбе ауылдық округіне қарасты Қызылағаш ауылындағы тұрғындармен кездесуге қатысты.

Кездесудің күн тәртібіне сәйкес, тұрғындар әуелі округ әкімі Әділхан Мұхитовтың жасалған жұмыстар жөніндегі хабарламасын тыңдады. Қызылағашты кейінгі жылдары электр жарығы мәселесі көп мазалап кетіп еді. Мәселеге жергілікті биліктің назары түскеннен кейін желілер жаңартылып, бағаналар ауыстырылды. Бұл мәселе қазір бұрынғыдай өзекті емес. Қызылағаштықтар жағдайдың түзелгені үшін қуанышты екендіктерін айтты.

Ауылдағы Қызылағаш негізгі мектебінде бүгінгі күні 42 оқушы білім алады. Педагогтар мен оқушылардың білім, спорт және шығармашылық сайыстардағы жетістіктері арқасында мектеп аудан түгілі, облыс көлемінде де әжептеуір беделге ие. Әрине, ауыл мектебінде мәселелер де жоқ емес. Жуық арада мектеп парталары, соның ішінде мұғалімдерге арналған үстелдер жаңа үстелдерге ауыстырылуы мүмкін. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бұл ұсынысқа қолдау білдіретінін айтты.

Тұрғындармен болған кездесуде негізінен шаруашылық мәселелері айтылды. Сапалы мал азығын дайындау, қыстаққа қамдану әдетінше дәстүрлі мәселе болып қала бермек. Соңғы жылдары Аралтөбе ауылдық округінде мал басының азаюы байқала бастады. Аудан әкімі бұл мәселе түліктің өсімталдығы бәсеңдегеннен емес, малдың есебі дұрыс жүргізілмегеннен болып тұр деген пікірде. Себебі, есеп жүргізудегі, ветеринарлық шараларды жүргізудегі салғырттықтар байқалып отырған жалғыз округ Аралтөбе емес. Аудан басшысы ауыл әкімі мен ветеринар мамандарға мал шаруашылығын жүргізуде жұмыстарына жауапты болуларын тапсырды.

Қызылағаштықтар «Туған жер» бағдарламасына үн қосу, ауылдарына жәрдем беру мақсатында бүгінгі күні 2 млн жарым теңге қаражат жинап қойыпты. Алақандай ауыл бұл айлапат қаржыға не істемек екен деп ойласақ, тұрғындар бұл қаржыға ауылдың кіреберісіндегі 9 шақырым жолға бор төгуді жоспарлап отыр екен. Аудан әкімі табаны тозған жолға бор төсеудің тиімсіз екенін, олай етсе қаражат босқа рәсуа болатынын бірден айтты. Қызылағаштықтар ендігі жерде, жиналған қаржыға ауыл үшін қандай игілік ұйымдастырсақ екен деп ойлануда.

Түске жақын «Ашық есік» күндерінің аясындағы кездесу округтің орталығы Аралтөбе ауылында өтті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы