5.07.2018, 10:05
Қараулар: 11
Асыл мұраттар мекені

Асыл мұраттар мекені

Алты Алаштың жүрегі, ел ордамыз ару Астанаға бүгінде 20 жыл толғалы отыр. Тарих үшін қас қағым сәт. Осыдан 24 жыл бұрын ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы басталған кезде халық 20 жылдың ішінде ел кіндігі — Арқа төсінде осындай заманауи мегаполиске айналатынына сенбек түгілі, елестете де алмаған еді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевкөптеген үндеулер жүргізіп, бұл шешімнің дұрыстығын келесі артықшылықтарға негіздеген болатын. Нақтырақ айтатын болсақ, олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және өзге де тиімді, қолайлы мүмкіндіктер еді.

Міне, бүгінде осындай мүмкіндіктерді ескере отырып, қабылданған шешімнің 20 жыл аясындағы жетістіктеріне куә болып отырмыз.

Ең алдымен, қала өзінің заманауи, озық сәулет өнерінің үлгілерімен көз қуанта алады. «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан шатыр», «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» арқасы алыстан-ақ көз тартады.

Сонымен қатар, елордамыз әлемдік саханада үлкен маңызға ие, жаһандық деңгейдегі мәселелер мен қозғалыстарды талқылайтын орталыққа да айналып үлгерді. Оған дәлел ретінде ЕҚЫҰ саммитін, ҮІІ Қысқы Азия ойындарын, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін және Астана экономикалық форумын атап айтсақ болады. Халықаралық деңгейдегі оқиғалардың дүбірлі ордасына айналған, Астананың айбынын асқақтатқан тағы бір оқиға «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі еді. Ғасырға жуық тарихы бар көрмені өткізу бақыты бұрын-соңды Орталық Азия, тіпті ТМД елдерінің ешқайсысына да бұйырмаған еді.

Болашақтың энергиясы баламалы энергия алу көзін табуды мақсат еткен көрмеміз Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшымыздың тарапынан «Соңғы 25 жыл ішіндегі ең тамаша көрме», — деп бағаланды. Астана – ел тәуелсіздігінің тұғыры. Әлемдегі аренада өз жолын қалыптастырып үлгерген саяси-экономикалық, мәдени орталық болып табылады.

Елордамыз суықтығы жағынан әлем бойынша екінші астана болса да, елі, халқы үшін ыстық, әрі бағалы болары сөзсіз. Бұл жерде Қазақстан халқының арман-мақсаттары мен мүдделері, болашақ жоспарлары мен құнды ойлары жүзеге асырыла бермек.

 

Г.ДосҚалиева,

Жалпы білім беретін Қособа орта мектеп-балабақша

кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар