5.07.2018, 10:06
Қараулар: 15
Ұлттық домбыра күніне арналды

Ұлттық домбыра күніне арналды

Сырым ауданының орталығы Жымпитыда ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – ұлттық қасиет» атты шара өтті.

—        Қазақ бес қаруын бір қасиет деп білсе, домбырасын бір қасиет деп білген. Расымен де домбыра да қасиет бар. Ол қазақтың жанымен үндес, өзімен тағдырлас. Биылдан бастап тойланып жатқан ұлттық домбыра мерекесі қазақ руханиятының жаңалығы болып қабылдануда. Домбыраны дәріптеуді Тәуелсіздіктің міндеті деп білемін. Көрсеткен құрметтің биігі сол, әр қазақтың төрінен домбыра түспесін!

Ұлттық домбыра күні құтты болсын!   — деді салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.

Кешкісін С. Датұлы атындағы мәдени – демалыс саябағында Ұлттық домбыра күніне орай «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен аудандық мәдени – демалыс орталығы ұйымдастырған «Домбыра – думан!» атты көпшілік шарасы және мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдарының аукционы өтті. Осы шараға белсене қатысып, үздік өнер көрсеткен жас домбырашылар, халықаралық «Асыл мұра» ән – терме байқауының гран – при иегері, әнші Шапағат Амангелдіге, аудандық балалар саз мектебінің оқушылары Дінмұхамед Құмарғалиға, Бернар Жолдығалиға және Төлес Төлегеновке аудан әкімі Төлеген Төреғалиев домбыра табыс етті.

Орталық алаңдағы салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне жалғасты.

Қособалық Оралбек Жұмабаевтың жанұясында Сәруәр есімді қыз дүниеге келді. Мерекелік шарадан кейін Сырым  ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев  аудандық перзентханада болып, сәбиге ырымдап домбыра сыйлады. Сәруәрдың анасы Айжанды «Сырым жауһарлары» ұйымының төрайымы Мәншүк Бахитова да құттықтады.

Айта кетейік, кешегі өткен «Домбыра — думан» шарасы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Сырым ауданындағы штабы ресми түрде жұмысқа кірісті. 40 сарбаздан тұратын штаб күзге дейін аудан орталығының абаттануына үлес қосатын болады.

*        *        *

Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығына сәйкес шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленгенді. Осыған орай Сырым ауданының орталығы Жымпитыда осы мерекенің құрметіне «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» атты шара өтті.

Аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ұлттық аспапты дәріптеу шарасын ақын Қадыр Мырза Әлидің ескерткіші тұрған алаңда ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ әдебиетінде домбыраға Қадыр ақындай дәл, Қадыр ақындай тура, әрі Қадырдай табиғи теңеу айтқан адам жоқ. Оның «Нағыз – қазақ домбыра!» атты сөзі бүгінгі күні халықтық сөзге айналды.

Жымпитыдағы Ұлттық домбыра мерекесінде аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жас әншісі Әбілмансұр Қанат, аудандық саз мектебінің жас домбырашылары Бернар Жолдығали, Дінмұхамед Құмарғали және жас ақындар Әлижан Кеңес пен Дильназ Сүлейменова өнер көрсетті. Домбыраның құрылысы, оның атаулары туралы қосымша білім беру педагогы, суретші Мұса Сұлтанғалиев өзінің көрмесінде баяндады. Мұса Сұлтанғалиев домбырамен Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Тамаша» әнін орындады.

Шара көрерменнің флеш – мобымен аяқталды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар