5.07.2018, 10:10
Қараулар: 56
Астана — Қазақстан халқының тірек нүктесі

Астана — Қазақстан халқының тірек нүктесі

Биыл елімізде Астанамыздың 20-жылдық мерейтойы атап өтілмек.  Бұл мереке-жалпы халық үшін қымбат.  Астана біздің Тәуелсіз Отанымыздың тарихының алтын парағы және жоғары жетістіктері болып табылады. 2008 жылы Парламент ««Мерекелер туралы» Заңға толықтыру енгізу туралы» Заң  жобасын мақұлдап, оған мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін, шілденің 6-сы  Астана күні  болып белгіленген болатын.

Астана бүгінде ұшқыр да қалыпты дамып, жаңаша бағытта көркейіп, Қазақстанның рухани және мәдениет орталығына айналып отыр. Бұл еліміздегі көпұлтты халықтар бірлігі, адамдар арасындағы шынайы достық, қоғамдағы тұрақтылықтың жемісі. Ең бастысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дара басшылығының қол жеткізген биік белестері деп ойланбастан айта аламыз. Қазіргі таңда, Астанамызда 71 мәдени кәсіпорындары, соның ішінде 5 концерт залды сарай, 8 мұражай, 7 театр, 27 кітапхана, 1 цирк, 9 кинотеатр, 4 жеке сурет галериясы, 10 мәдени және демалыс орындары бар.

Астананың гүлденуі назардан тыс қалған жоқ. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық Ассамблеясының мүшесі.

Бүгінде Астана барша әлемге танымал. Дәстүрлі түрде өткізілетін  халықаралық форумдар, саммиттер конференциялар, ірі спорттық, мәдени шараларда төрткүл дүниеден қонақтар бас қосады. 2011 жылы Астанада VII қысқы Азиада ойындары өткен болатын. Астана қаласында болған ең ірі шаралардың бірі -«ЭКСПО-2017» көрмесі.

Астана – халықтың болашаққа деген сенімі, бірлігі, үміті  мен тәуелсіздігінің белгісі. Ал тәуелсіз еліміздің қорғаны — Қарулы күштер. Қарулы күштер мереке күніне орай, өздерінің тосын сыйларын қоса әскери шеру өткізіп тұрады. Ең үлкен ауқымды әскери шеру 2017 жылы 7 мамырда Астанада өткен Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған шеру болатын.

Ендеше баршаңызды Астана күні мерекесімен құттықтаймыз. Президент айтып кеткендей «қабырғасымен ғана емес, адамдарымен де көрікті» Астана секілді жас қаласы бар еліміздің болашағы жарқын болсын! Керегесі кең, экономикасы тұрақты, саясаты сыр бүкпес, ешкімге тәуелсіз ел ретінде қалыптаса берейік.

А.Дюсембиев,

Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар