12.07.2018, 11:17
Қараулар: 163
«Өзіңнен баста – Начни с себя!»

«Өзіңнен баста – Начни с себя!»

Облыс әкімімен бекітілген «Өзіңнен баста – Начни с себя!» жобасы Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында берілген тапсырмаларына сай қоғамда тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған. Осы жоба аясында жергілікті полиция қызметі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар атқаруда.

Мұндай құқық бұзушылықтарға ұсақ бұзақылық жасау, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу (оның ішінде сыра), аумақты абаттандыру ережелерін бұзу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс және ойын-сауық орындарында болуы, тыныштықты бұзу, белгіленбеген орындарда темекі шегу, иттер мен мысықтарды ұстау ережелерін бұзу жатады.

Жыл басынан полиция қызметкерлерімен қоғамдық орында мас күйде болған 110 адамға, ұсақ бұзақылық жасаған 30 адамға, тыйым салынған жерде темекі шеккен 36 адамға, иттерін бағу ережелерін бұзған 51 адамға, елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 142 адамға, көлікті мас күйде басқарған 14 жүргізушіге әкімшілік жазалар қолданылды. Мысалы: Елді мекендерді абаттандыру ережесін бұзып, үйінің айналасын таза ұстамаған 141 адамға ескерту берілсе, қалдықтарды арнайы орынға апармай, ауыл шетіне төккені үшін Жымпиты ауылының 1 тұрғынына 24050 теңге айыппұл салынды. Кәмелетке толмаған балалары заңды өкілдерінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін 22 ата-анаға шара қолданылса, соның 21-іне ескерту, ал бір ата-анаға мұндай әрекет бір жыл ішінде қайталанып жасалып отырғандықтан 8418 теңге айыппұл салынды.

Кез-келген заң бұзушылыққа, тіпті ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға баратын маңызды қадам болып келеді.

Елбасымыз «Қазақстан-2050» жолдауында «Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді.Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам»-деп көрсеткен болатын.

Сондықтан, ең алдымен халықтың құқықтық мәдениетін арттырып, «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру аса маңызды. Заңға қайшы әрекеттердің жолы кесіліп, тиісті бағасын алуға біздің әрқайсысымыз жауапты  болуымыз қажет. Сонда ғана біз қоғамдағы тәртіпсіздікке немқұрайлылықпен қарауды өзгерте  аламыз.

 

Е.Журалиев,

Сырым АІІб Жергілікті полиция қызметі бастығы,

полиция подполковнигі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар