12.07.2018, 11:22
Қараулар: 179
 » 
Дін және мәдениет үйлесімінің қазіргі Қазақстандағы орны

Дін және мәдениет үйлесімінің қазіргі Қазақстандағы орны

Дін және мәдениеттің өзара байланысы мәселесі бүгінгі күнде де маңызды болып табылады. Адамзат тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда болған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Ендеше, діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып-білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және ХХІ-ғасырдағы халқымыздың өсіп-өркендеуінің басты құралы – дініміз.

Еліміздегі халықтың басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Ислам діні табиғатына сай халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен үндесіп, зайырлы қоғамның мүмкіндіктеріне орай елді ізгілікке шақырады.

Ислам діні – өнегелілігімен және діни толеранттылығымен ерекшеленетін гуманитарлық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дәстүрлі діннің құндылықтары еліміздегі түрлі этностардың өзара тату және ынтымақтаса өмір сүруіне ықпалы етері сөзсіз. Ислам діні  –  тұнып тұрған мәдениет. Дәстүрлі дініміз қазақ халқының салт-дәстүріне сай. Біздің әдет-ғұрпымыздың бәрі шариғатқа сәйкес құрылған. Қазақтың ұлттық аспабы  домбыраның құндылығы мәдениетте қандай болса, дінде  де дәл сондай. Мәдениет пен діннің үйлесімділігін мұсылмандық пен өнерді қатар алып жүрген  қазақ өнерінің жұлдыздарынан көруге болады.

Зайырлы мемлекеттегі діни ұстаным – ұлттың мәдениетімен ұстанымымен тығыз байланысты. Діни ұстаным адамдардың санасына, мінез-құлықтарына ықпал етеді, ал зайырлы қоғамда діни ұстаным – ол дүниетанымдылыққа, мәдени-шығармашылыққа, рухани-адамгершілікке шақырады.

Зайырлы қоғамды мемлекетіміз дін саласында конфессияаралық қарым-қатынасқа берік. Конфессиялық қатынастарды одан әрі нығайту мақсатымен әр үш жыл сайын Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі  өтеді. Еліміз әлемдік және дәстүрлі діндердің бейбітшілік пен гуманизмді ұлықтаушы әлеуетіне сенім артып, дін көшбасшыларын Астана қаласына жинап, жаһандық мәселелерді діни төзімділік және бейбіт жолмен шешуге шақырады.  Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер өте маңызды рөл атқарады.  Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІ сессиясында мұсылмандық – «Құрбан айт мерекесі» және православиялық – «Рождество мерекесін» 2001 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан   Республикасындағымерекелер туралы» Заңына сәйкес ресми мерекелердің қатарына қосылды. Бұл мемлекет азаматтарының өзара татуластығы мен достығының арқасында орнады. Халықаралық деңгейде мойындалған Қазақстан қоғамындағы рухани келісім мен өзара түсіністік – ел дамуының басты тетігі.

Еліміздегі діни ахуалдың жақсара түсуіне, зайырлы қоғамды қалаған ел азаматтарыныңәрқашан татулық пен достықты дәріптеп, ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастыратынына, оны келешек ұрпаққа аманаттайтынына сеніміміз кәміл. Еліміздегі діни ұстаным қоғамның бойына зайырлылық пен зиялылықты, имандылық пен салауаттылықты, ұлттық дәстүрмен рухани құндылықтарды дәріптеп, оларды этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды құрметтеу мәдениетіне, дүниетанымдылық пен төзімділікке және этикалық әдептілікке қалыптастырады.

 

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА