12.07.2018, 11:27
Қараулар: 12
Шалғай ауылдағы жүздесулер

Шалғай ауылдағы жүздесулер

Елтай ауылдық округінің орталығы Тасқұдық ауылында өткен ашық есік күнінде ауылдық округ әкімі Батырғали Иманқұлов бес айда жасалған жұмыстарды баяндады.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Сәбит Өмірзақов жұмыссыздарға несие беру, оқыту туралы түсіндірді.  Ветеринария бөлімінің басшысы Абылай Кәримоллаев Тасқұдықта биыл ғана шыққан сарып ауруының алдын алу, орнын залалсыздандыру,  малдарды бірдейлендіру, Ресейден шығып жатқан құс тұмауынан сақтану шаралары жайында айтты.  Аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқанов Тасқұдық ауылының  электр желілерін тамыз айында  бригадамен келіп, жөндейміз деді. Ауылдан көшіп кеткен 10 шақты үй әлі де болса, электр жарығын пайдаланушылар тізімінде тұр екен. Биыл Қособада 50 бағана, Бұлдыртыда 40 бағанаға сым тартылып жатыр.

Жиын соңында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ауданда қолға алынған іргелі істермен таныстырды.

Шынар Халит

*    *    *

Аудан әкімінің ашық есік күні Жосалы ауылдық округінің Қоңыр, Тамды елді мекендерінде өтті. Халықпен  кездесу жиынына аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, аудандық мәслихат хатшысы, Жосалы сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаты Шынар Дүйсенғалиева, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ке АК БҚО  бойынша филиалы әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша  Сырым аудандық бөлім басшысы Жанаргүл Бекболсынова, «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының  бастығы Руслан Тасқалиев  қатысты. Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешов бес ай бойына атқарылған істер мен алға қойылған жоспарды таныстырды.

Тамды елді мекенінің тұрғындары  көше атауын өзгерту,  зейнетақы жасының, базалық зейнетақының өзгеруі, электр жарығы туралы мәселелерді сұрап, жауап алды.

Қоңырдың халқы су, зейнетақы туралы көкейдегі сауалдарын қойды. Суға қатысты «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығы Р.Тасқалиев, зейнетақыға қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ке АК БҚО  бойныша филиалы әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша  Сырым аудандық бөлім басшысы Ж.Бекболсынова жауап берді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қорытындылап, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып,  тұрғындардың ұсыныс-пікірі ескерусіз қалмайтынын айтты.

 

Шынар ЯУДАҚЫЗЫ