12.07.2018, 11:32
Қараулар: 95
 » 
Түпкі ниет – елге қызмет ету!

Түпкі ниет – елге қызмет ету!

Қазір ауыл мектебін аяқтаған жас түлектердің жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын, былай айтқанда болашақ мамандықтары үшін таңдау жасайтын уақыты. Бұл тұста түлектердің бірен-сараны ғана шешімді ақылдасқан түрде қабылдаса, көбі қазіргі еңбек қоғамының сұранысымен санаса бермейді. Осы санаспау төрт-бес жылдан кейін үлкен мәселеге айналады. Ол – жұмыссыздық мәселесі.

Бүгінгі еңбек қоғамы қандай мамандарға зәру? Қандай мамандықтардың қызмет аясы тар? Ең бастысы, ауылды дамыту үшін қандай маман иелері керек және ауылды, елді сүю үшін, оған қызмет ету үшін белгілі бір маман иесі болу міндет пе өзі? Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің Қособа ауылдық округіндегі жұмыссыз жастармен болған кездесуінде осы мәселелер негізгі әңгімеге айналды. Кездесуге округ әкімі Жұмабай Сатаев қатысты.

Кездесуде сөз сөйлеген Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгерім Серікқалиева, орталықтың кеңесші маманы Жасұлан Ойшыбаев, «Сырым жастары» ұйымының төрағасы, «Жас Отан» ЖҚ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұртілеу Болат  жастардың ең әуелі пікірге ие болуы маңызды екендіктерін айтты. Себебі, пікір өмірді қалыптастырады. Пікір демекші, өздерінің болашақ таңдаулары, білім алатын бағыттары туралы пікірлерін білдірген ауыл жастары да түпкі ниетіміз табысты болу ғана емес, елге қызмет ету деп отыр. Байқағанымыз, педагогика мен медицинаны санамағанда, жастардың дені технологиялық бағыттағы мамандықтарды игеруге ниетті екен.  Қазақстандағы ауылдардың да жаппай технологиялық даму үдерістерін қабылдап жатқанын ескерсек, бұл жастар түбі ауылға пайдасын тигізуі бек мүмкін.

Қособа ауылдық округінде «Туған жер» бағдарламасы бойынша ауыл азаматтары осымен бірнеше бастаманы аяғына жеткізгені туралы жазғанбыз. Кездесуден кейін ауыл мектебін 2008 жылы тәмәмдаған жастардың ауылға салып берген «STREET WorkOut» спорт алаңында Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» бірлестігінің ұйымдастыруымен жастар мен балалардың арасында спорттық жарыстар өтті.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы