12.07.2018, 11:39
Қараулар: 161
Кеңестер нәтиже үшін жұмыс жасауы керек

Кеңестер нәтиже үшін жұмыс жасауы керек

Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында БҚО Қазақстан Халқы Ассамблеясының аумақтық семинары өтті. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов төрағалық еткен семинарға БҚО Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медғат Қамбетов, Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, сонымен қатар Сырым және Қаратөбе аудандарының округтерінің әкімдері мен қоғам өкілдері қатысты.

–        Қазіргі күні түрлі кеңестер көбейіп кеткені рас. Түсініп қараса, әр кеңестің өзіне жүктелген міндеті бар. Бір өкініштісі, сол міндетті халық түгілі, кеңестің өзі түсінбей жатады. Біз осы семинар арқылы кеңестерді жұмыстарын түсініп атқаруға шақырғымыз келеді. Түсінбей жұмыс жасауға болмайды. Қоғамдық кеңестер тапсырма үшін емес, нәтиже үшін жұмыс жасауы керек, – деді семинардың алғы сөзін сөйлеген Ғайса Қапақов мырза.

Семинарға қатысушыларға БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медғат Қамбетов, басшының орынбасары Жамал Ихсанова, БҚО медиаторлар Одағының төрайымы Алуа Рахишева қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде дәрістер оқыды. Мамандардың сөзіне қарағанда, көп кеңестердің жұмысы өзінің аудиториясын таба алмағаннан ақсайды екен. Осы жерде аудитория таба алмаудың нақты мысалына ауылдардағы үш-төрт мұғалім және бір–екі күзетшінің қатысуымен өтетін жиналыстарды жатқызған дұрыс болар. Содан кейін әр кеңес өзінің жергілікті аумағында құзіретке ие болуы керек. Мәселен, қоғамдық келісім кеңестері діни экстремизмге қарсы тұру мәселелері болсын, отбасы әлеуетін арттыру, халықты әлеуметтік қорғау, тіпті жергілікті бюджетті бөлу мен ұтымды пайдалануға бақылау жүргізу жұмыстарына да кеңестер араласа алуы әрі пікірін тыңдата алуы керек. Семинарда осы бағыттағы табысты қызметі үшін Сырым ауданындағы қоғамдық келісім кеңесі үлгі етілді.

Қоғамдық күштің, қоғамдық ықпалдың бір тұтқасы медиаторлар болып отыр. БҚО медиаторлар Одағының төрайымы Алуа Рахишеваның айтуынша, облыста 44 кәсіби, 150 шақты қоғамдық медиатор бар екен. Олардың араласуымен 2018 жылдың соңғы 3 айында 454, ал түгел жартыжылдықта 816 іс медиативтік келісімге келген.

Жиналыста аудандардағы қоғамдық медиаторларға куәліктер табыс етілді.

Б.ШЕРІМ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар