19.07.2018, 11:12
Қараулар: 11
Ардагерлер кеңесінің жиыны

Ардагерлер кеңесінің жиыны

Жымпиты ардагерлер бастауыш ұйымының  есептік-сайлау жиыны өтті. Жиынға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов, ардагерлер, бөлім басшылары қатысты.

Жымпиты ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев қоғамдық ұйымның жыл бойына атқарған жұмысын баяндады.  Ардагерлер О.Сарғозыұлы мал азығы жем-шөптің арзан бағамен халыққа ұсынылуын, Е.Шүренов ардагерлер спортшыларға көңіл бөлу, М.Жүсіпов техникалық су тарту, Қ.Өтеғалиев газға қатысты мәселелерді, С.Дауылов бір көшеге О.Қожагелдиннің атын беру туралы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.  Сондай-ақ, Е.Баймұханбетов,  Қ.Нұрмұханов, Ә.Ғалымов, С.Тажмұхан сынды ардагерлер өз ойларымен бөлісті. Ардагерлер кеңесінің жұмысына ауыл ақсақалдары оң баға берді.

Жиынды аудан әкімі Т.Төреғалиев қоры­тындылап, аудан орталығында су жетпеу мәселесі алдағы жылы  республикалық бюджеттен 2 млрд 433  млн теңге бөлініп, Кеңащы нүктесінен су тартылғанда шешілетінін айтты. «Ақбұлақтың» ауыз суы мал суару, бау-бақша суару,  тас соғу жұмыстарына пайдаланылып жатқандықтан, әрі биыл жаздың құрғақ болуынан  су жетпей отыр. Су көше-көшелерге арнайы бекітілген сағатпен берілуде. Су жетпеген көшелерге 3 су тасымалдаушы көлікпен таңертеңгі сағат 7-ден  түнгі 12 аралығында  тасылып берілуде.

Ардагерлердің жастарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңес айтып, тәрбие жұмысына қатысулары қажет екенін айтқан аудан басшысы: «Жастар – қарттардың индикаторы»,- деді.

Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов  аудан орталығына техникалық су жүргізу ойда жүрген шаруа деді. Техникалық су тартылса, күніне 6 сағат беріледі, әр үйден  айына 1200-1500 теңге аралығында төлем төленетін болады.  Қарасу мөлектауданына техникалық сумен мал суару үшін 2 астау қойылды. Санитарлық тазалықты сақтау үшін Жымпитыға 60 контейнер орнатылды. Тағы да 70 контейнерге тапсырыс берілді. Тұрмыстық қалдықтарды шығаруға   келісімшартқа отырып, бағасы ай сайын жан басына 50 теңгеден бекітіледі. «Қазсельхозтехника» деп аталған аудан орталығының бөлігінен Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешеніне дейін жаяу жүргінші жолы салынады.

Жымпиты ауылдық ардагерлер бастауыш ұйы­мының төрағасы болып бірауыздан Ғилаж Қаналиев қайтадан сайланды. Аудандық ардагерлер кеңесіне мүшелікке зейнет жасындағы әйел-аналарды да қосу туралы ұсынысын білдірді кітапхана саласының ардагері Р.Қапанова. Бұл ұсыныс ескерусіз қалмайтын болды.  Жиналыстың қаулысымен Сабырғали Оразов таныстырды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА