19.07.2018, 11:28
Қараулар: 9
Сағыныш

Сағыныш

Берлин көшелеріндегі таңғы тіршілік әдеттегіше ерте басталды. Еуропалықтардың барлығы азаннан тұрып, шаруаларына кірісті. Көше толы ерсілі-қарсылы ағылған көліктер. Біреулері жұмысқа асықса, енді біреулері басқа шаруаларымен тырмысып жүр. Шаһардың шырайланып, дүрілдеп тұрған дер шағы. Немістердің астанасы биік-биік ғимараттарға, тарихи жәдігерлерге толы, талай тылсым сырларды ішіне бүккен. Бұл қаладан ғажйыптың бәрі табылады.

Әсемдігімен асқақ қаланың көшелерінің бірінде қазақ отбасы түтінін түтетіп отыр. Қазақ дегені жай сөз ғана, әбден еуропаланып кеткен. Бүгін таңертеңгісін сол үйдің алдына бір такси келіп тоқтады. Көп күттірмей, әлгі таксиге  қазақы оюмен көмкерілген бөрік пен шапан киген қария мінді де, жүргізушіге қолын сілтелеп, жол көрсетті. Бұл – Сағындық ақсақал еді. Көлікке отырған беттен терең ойға шомып, діттеген жеріне жеткенше, өткені мен бүгінін саралады. Жүйткіген көлік Сағындықты қаланың сыртына әп-сәтте алып келді. Бұл жерді қария көп жылдан бері өзінің сыр бөлісетін досы санайтын. Жасы ұлғайғанымен, әлі де тың ол жаяу серуендеді. Аяғын жерге әр басқан сайын, қазақтың дархан даласына осылай табан тіресем деген тілегі көкірегін жарып жібере жаздайды. Үлкен ойдың құрсауында біраз жүрді. Бұл жерге келіп, мауқын басайын, шер тарқатайын деп, балаша еңкілдеп, егіліп жылап алатын.

Сағындықтың кіндік қаны тамған жері – қазақ даласы. Қазақ халқының басынан өткен тарихи нәубеттерде оның әке-шешесі елін тастап қашып, бас сауғалауға мәжбүр болған екен. Сондай тар кезеңде өмірге келген сәбилерінің есімін елге деген сағынышын аңғартқандай Сағындық деп қойса керек. Сағындық қарияның әке-шешесі елге оралуды аңсаумен зар жылап өтіпті өмірден. Енді, міне жалғыз ұлдарының да арманы, мазалаған ойы – еліне жету. Рас, жас кезінде беделді қызметте болып, не ішем, не киемді ойламай, жастықтың буымен ештененің байыбына бармады. Жасы келгесін, аңсайтыны – туған жер. Оның үстіне үш жыл бұрын кемпірін жер қойнына тапсырған.

Таңнан кешке дейін табиғат аясында жүрген Сағындық қаланың самаладай шамдарына қарап, көз талдырумен үйге оралды. Үйіне келсе, келін-балалы ауқаттанып жатыр екен. Төрт жасар немересі Алекс «аталап» алдынан жүгіріп шықты. Алекс, әрине, қазаққа жат есім, мұны атасының сөзіне бет бақтырмай еуропалық келіні қойды. Мұнысымен қоймай, жуырда өмірге келетін екінші немересінің  де атын өзім қоям деп отыр. Көңілі пәс қария немересін Алекс деп атап көрмепті. Қазақтың батыры деп, Батыр дейтін. Үй-ішінің қазақша шүйіркелесетін кездері де тым сирек.

Қатарға қосылып, дастарқанға отырған әкесіне ұлы Аман:

— Әке, манадан бері қайда жүрсіз іңір қараңғысына дейін?

Терең бір демін алып, сәл үнсіздіктен соң:

— Е, балам, қартайғанда сағыныш деген қиын болады екен. Мені мазалайтын да сол сағыныш. Бір аяғым төрде болса, бір аяғым көрде. Көзімнің тірісінде қазақ жеріне аяғымды бір басып, ауасын тояттағанша жұтсам деймін. Қазақстанға барғым келеді. – Тағы ауыр күрсінді.

Батыр атасына жүгіріп келіп:

— Ата, мен де сенімен барам.

Келіні баласын шапалақпен тартып жіберді де, арпылдап ұрса жөнелді.

— Сен де, біз де ешқайда бармаймыз!

Келіннің соңғы сөзі осы. Сағындықтың баласы Аманда дыбыс жоқ.

Аман бұрын жақсы жігіт-тұғын. Мына келінге үйленгелі қатты өзгерді. Келіншегінің айтқаны – заң.

Сөйтіп, елге оралу жайындағы әңгіме бүгін де аяқсыз қалды.

Күн артынан күн өтіп жатты. Сағындықтың елге көшу туралы аузын ашса, болды, жақтырмайды бұлар. Қазақстан, Қазақстан деп зарлаған шалдан келіні мен ұлы мезі болды.

— Папаны қарттар үйіне тапсырайық одан да. Бүйтіп күнде-күнде миымызды жей бере ме? Тіпті ауру болатын болдық қой.

— Қойшы, оның не? Алексқа қиын ғой.

— Қоятын түгі де жоқ. Алекстың қасында біз бармыз, оның ата-анасы біз. Өзі сияқты қариялардың жанында болады.

Бұл – Сағындықтың  даланы аңсап, табиғат аясына кеткендегі келіні мен ұлының әңгімесі. Аманды тағы да әйелі жеңді. Өз елінде – сұлтан, ал Аман өзге елдегі ұлтанның күйін кешіп жүргенін түсінбейді.

…Тағы да таң атты. Бірақ бұл таңды Сағындық атай қарттар үйінде атырды. Аман бірер күн бұрын өзі әкеліп тастады. Әлпештеп  өсірген ұлының осындай жағдайға жеткізгеніне налыды, қатты күйінді:

— Мен оны қандай жағдайға жеткіздім, ал ол мені осындай халге душар етті.

Бұл сөздерден соң, екі көзінен парлаған жас кеудесін жуып кетеді. Бір жағынан осы күйін кемпірі көрмегеніне қуанады. Ақсақал тамақтан да, ұйқыдан да қалды. Туған жерге барсам деген арман әдіра қалды.

Арада бір апта өтпей-ақ, Аманға қоңырау шалынды. Іссапарда жүрген ол перзентханаға босануға кеткен әйелінен жақсы хабар күтіп жүрген. Бірақ бөтен біреу суық үнмен:

—        Әкеңіз қайтыс болды,- дегенді естіртті.

Есеңгіреген ол, көлігіне тұра жүгіріп, әкесіне ұмтылды. Әкесі шынымен де көз жұмған екен. Тұтынатын заттарының арасынан табылған бір парақ қағазда: «Аңсадым, сені жерұйық» деп жазылыпты. Өзегі өртеніп, іш-құрылысын суырып алғандай күйдегі Аманның өкіре жылап, өкінуден басқа шарасы қалмады. Әйткенмен, өткен күн оралмайды. Өкінгеннен пайда жоқ. Үлкен ағаттыққа бой алдырғанын түсінген Аман әкесінің сүйегін Қазақстанға апарып қойды.

Айтпақшы, сол күні әйелі де босану үстінде қайтыс болды. Сірә, қарияның көз жасы жібермеген шығар…

…Аман Қазақстанға қоныс аударды. Алексты қазақ мектебіне берді. Қайтадан отбасын құрды, қазақ қызына үйленді. Өкінішке толы өмірін артқа тастап, жаңа өмір парағын ашты.

 

Қуаныш БАЙТЕНОВ,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина бөлімінің 5 курс студенті,

Жетікөл ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар