19.07.2018, 11:35
Қараулар: 396
«Елді басқарудың өзі жауапкершілікті сезіну»

«Елді басқарудың өзі жауапкершілікті сезіну»

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев:

«Елді басқарудың өзі жауапкершілікті сезіну»

Аудан әкімінің орынбасары лауазымында он жылдай қызмет атқарған Төлеген Төреғалиевтың ҚР Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясының шешімімен және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Сырым еліне басшылық қызметке кіріскеніне де бір жылдың жүзі болыпты.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп дана халқымыз айтқандай ел, халық тағдырын абыройлы атқарудың жүгін міндетіне алған аудан әкімі Төлеген Төреғалиевпен сұхбаттасудың сәті жуырда түсті.

—        Төлеген Серікқалиұлы! Қасиетті өлке Сырым бабаның елін басқару тізгінін қолға алғаныңызға да бір жылдың жүзі болды. Жауапкершілігі мол осы міндет жүгін мойыныңызға алғанда қандай  сезімде болдыңыз?

—        Еркіндік, теңдік үшін күрескен Сырым бабаның, ақиық ақын Қадыр ағаның, Алашорда ерлерінің іздері қалған қасиетті мекен Сырым елін басқару тізгіні бұйырғанда зор жауапкершіліктің жүгі мойыныма жүктелгендігін шынайы түрде сезіндім.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов маған сенім білдіріп, жауапкершілігі мол қызметті тапсырған соң міндетіме де кірістім.

Сырым елінің халқы да, тарихқа бай өлкесі де маған етене таныс.

Өзім осы елдің тумасы болғасын туған, өскен елім өте ыстық көрінеді.

Қызметтік баспалдағыма тоқтала кетер болсам 11 жыл Бұлдырты, Жосалы ауылдарында экономист, зоотехник, 13 жыл шаруа қожалығының жетекшісі, 10 жыл аудан әкімінің орынбасары қызметін атқардым.

Ең басты айтарым, тоғыз жолдың торабында орналасқан қасиетті де киелі өлке Сырым елін басқарудың өзі зор жауапкершіліктің жүгін сезіне білу дер едім.

-Төлеген Серікқалиұлы! Ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, ауданға инвестиция тартудың жайы қалай?

— Аудан бойынша 2017 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1913,0 млн.теңге болды. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен – 518,8 млн.теңге, жеке қаржы-276,9 млн.теңге. Ал биылғы 2018 жылдың 6 айында –инвестиция көлемі 194,2 млн.теңгені құрап соның ішінде республикалық бюджет – 22,3 млн.теңге, жергілікті бюджет – 54,2 млн.теңгені құрады. Аудан бюджеті 2018 жылы – 4067,0 млн.теңге көлемінде жоспарланған болатын болса, 6 айдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке түскен түсім 267,1 млн.теңгені құрап, 6 айға берілген жоспар                 38,3 млн.теңгеге артық құрады.

— Мемлекеттік бағдарламалар аясында қандай игі істер қолға алынды? Қандай жұмыстарды атап өтер едіңіз?

Мемлекеттік бағдарламалар аясында халықты ауыз сумен қамту мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы Қоныр, Тамды және Аралтөбе ауылдарына су өткізілсе, биылғы жылы Бұлдырты ауылына ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталып кетті. Жалпы құны – 788,0 млн.теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру бағытында Жымпиты ауылын Кеңащы жер асты су кен орнынан сумен қамту және Қосарал, Тасқұдық, Тоғанас, Құспанкөл, Аңқаты ауылдарын сумен қамту жүйесін қайта жаңғыртуға жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Бұның сыртында жергілікті бюджеттен 13,0 млн.теңге қаржы қарастырылып, Шағырлой, Бұлан, Көгеріс, Алғабас, Қарағанды, Тоғанас елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерін жөндеу, қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылы жалпы алаңы – 3923 ш.м. құрайтын 32 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, өткен жылы Жымпиты ауылынан – 14, Бұлдырты ауылынан – 10 коммуналдық-жалдамалы тұрғын үй берілді.

Осы жұмыстарды жалғастыру бағытында Жымпиты ауылынан үш қабатты тұрғын үй салу құрылысына және Алғабас ауылынан 10 пәтерлі үй, 15 жер учаскесінің инфрақұрылымын дамытуға жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда.

Аудан экономикасының дамуына зор әсер ететін жол құрылысына тоқталып кететін болсам  2017 жылы жоба құны 153,9 теңгені құрайтын Жымпиты ауылішілік Қолғанатов, Асадуллин көшелерінің автомобиль жолдарына толықтай құрылыс жұмыстары жүргізілсе, биылғы жылы құны 79,6 млн.теңгені құрайтын Өлеңті ауылының кірме жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ауданымыз бойынша Жымпиты ауылынан Исаев, Меңдалиев, Байжанов, Досмұхамедов, Қазақстан, Жұмағалиев көшелерінің жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына және Алғабас, Тоғанас ауылдарына кірме жолдың жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. Сонымен қатар, осы жолдарды күтіп ұстау мақсатында «Сырым» МКК-не 45,0 млн.теңгеге «К-700» маркалы трактор, автогрейдер және жүк тиегіш техникасы) техника алынды.

Өткен жылы ауданымыз бойынша елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында Аңқаты, Құспанкөл, Жаңаөңір, Қарағанды, Сасықкөл елді мекендеріне көгілдір отын қосылып ауданымыз 99,0 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Осы елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды газдандыру мақсатында және Жымпиты ауылындағы аудан әкімдігі және саз мектебі ғимараттарына биылғы жылы құны 54,4 млн.теңге құрайтын құрылыс жұмыстары басталды.

Ауданның тұрақты және көлдетіп суармалы жерлерін қалпына келтіру, мал азығының берік қорын жасақтау мақсатында құны 205,4 млн.теңге болатын Шолақаңқаты өзенінің су жіберу құрылғысы және Өлеңті көлдетіп суармалау жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Жымпиты ауылынан құны 39,2 млн.теңге құрайтын әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Аудан тұрғындары алдында жыл сайынғы есеп беру жиналысында көтерілетін мәселелерінің бірі – Қособа ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталса, Бұлдырты ауылында спортзал ғимаратын салуға жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда.

— Төлеген Серікқалиұлы! Ауданда егістік, жайылымдық, мал азығын дайындаудың хал-ахуалы қалай? Жалпы, аудандағы ауылшаруашылығы саласының жай күйіне тоқталып өтсеңіз…

— Аудан негізінен мал шаруашылығы, егін егумен, мал азығын өндірумен айналысады. Жылма-жыл малдың басы өсуде. Өткен жылы 10057 гектарға дәнді-дақылдар егілсе, биыл 11645 гектарға дәнді-дақылдар егілді. Өткен жылы әр гектарынан алынған өнім 10 центнерден айналып, қажетті тұқым мал азығымен толықтай қамтамасыз етілді. Биылғы жылға тоқталатын болсақ, ауа-райының қолайсыздығына байланысты дәнді-дақылдар мен  мал азығының шығымдылығы деңгейі төмен болып отыр. Алда тұрған басты мақсат – жеткілікті түрде жем-шөп қорын жасақтау.

Аудан   шаруа қожалықтары түпкілікті мал шаруашылығымен айналасудың маңыздылығын жете түсініп, бүгінгі таңда сол бағытта жұмыстануда. Ауданда 2017 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 12 шаруашылық болса, қазіргі таңда олардың саны 15-ке жетіп отыр. Қазіргі таңда оларда 3357 бас асыл тұқымды мал басы тіркелген, асыл тұқымды мал шаруашылықтардың санын бірте-бірте көбейту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Жеке тұрғындардың да мал басының сапалылығын арттыру жұмыстарын назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл тұрғыда қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тұқымдық түрлендіру жұмыстарының маңыздылығын айта кету керек. Осы уақытқа дейін аудан бойынша 23 ауылдық кооперативтер құрылса, қазіргі таңда 4 кооператив бордақылаумен, 13 кооператив тұқымдық түрлендірумен айналысуда.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының аналық мал басын селекциялық жұмыстарға қатыстыру мақсатында 77 бас асыл тұқымды бұқа қоғамдық табынға қосылды.

Қазіргі таңда мал шаруашылығы субсидиясының жаңа ережесі шығуы күтілуде. Алайда қазіргі қолданыстағы ереже бойынша аудан тауар өндірушілерінен 2018 жылдың жартыжылдығына 232,8 млн.теңге көлемінде субсидияға өтінім келіп түсті, жыл соңына дейін 279,9 млн.теңге қаражат төленеді деп жоспарлануда.

— Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы аталған міндеттердің ауданда жүзеге асуы қай деңгейде?

— Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын орындау мақсатында аудан әкімінің шешімімен аудандық штаб құрылып, комиссия құрамы бекітіліп, кіші бағдарламалар аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. 2017-2018 жылдары барлығы 170 шара ұйымдастырылып, 13652 адам қамтылды, атаулы даталарға толы жылы ауданымызда көптеген ауқымды шаралар өтті. Солардың бастыларына тоқтала кетсем, өткен жылы «Алаш жолымен» атты  Жымпиты-Семей бағытында экспедициясы жүзеге асып, «Азаттықты аңсаған Алашорда» атты Жымпиты мен Семейді байланыстырған өңірлік телекөпірі өтті. «Жымпиты-Мәскеу» бағытында халықаралық тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылып, экспедиция құрамы Батыс алаш бөлімінің жетекшісі Ж.Досмұхамедовтың жерленген жерін тауып, құран бағыштап, туған жерінің бір уыс топырағын салды. Сонымен қатар, халықаралық «Жымпиты-Нүкіс-Гүрлен-Үргеніш» бағытындағы тарихи-танымдық экспедициясы жүзеге асырылып, Сырым бабамыз жатқан жеріне туған жердің топырағын алып барды.

Шілде айында «Алаш барысы» атты республикалық турнирі оздырылды. Турнирдің құрметті қонағы ретінде қазақ күресінің ҚР Президентінің жүлдесі үшін өткен «Қазақстан барысы-2017» республикалық турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев қатысты.

Қыркүйек айында «Азаттық таңын аңсаған Алаш Арыстары!» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жүзеге асты. Шараға алаштанушы Тұрсын Жұртбай бастаған бір топ ғалымдар қатысты. Шара аясында Ж.Досмұхамедов мектебінде жаңадан музей ашылып, бюсті орнатылды.

Өткен жылдың қыркүйек айында ауданда Сырым Датұлының  275 жылдығы облыс әкімдігінің қолдауымен республикалық көлемде аталып өтсе, қазан айында «Айбынды Алаш жастары!» аймақтық жастар форумы өтті.

Ауданымызда ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында «Тай жарысы», «Асау үйрету» жарыстары оздырылды. Жалпы аудан бойынша «Туған жер» бағдарламасы аясында барлығы 24 жоба жоспарланып, оның 14-і жүзеге асты, құны 13,9 млн.теңге. Осы шаралардың барлығы аудан халының рухани мәдени дамуына үлкен серпілістер әкелді.

— Халық  алдындағы есептік жиындарда жерлестеріңіз негізінен қандай мәселелерді алға тартады?

— Аудан халқының мұң- мұқтажын, проблемасын біліп, оның шешу жолдарын қарастырғанда, аудан әкімінің халыққа арнаған есептік кездесулерде көтерілген мәселелерді қараймыз. Есептік кездесулерде жол, ауыз су, интернет, тұрғын үй мәселелерін атап өтуге болады. Жоғарыда атап өткендей, бұл мәселелер кезек кезегімен бюджет есебінде қаражаттың болуына байланысты шешілетін болады.

— Қызметтік саладағы ауысуларға қандай баға бересіз?

— Мемлекеттік қызметте меритократия қағидасы бойынша жұмыс жасау — қазіргі заман талабы. Себебі төменгі лаузымнан жоғарылатып өсу процесі жұмыстың тиімді атқарылу жолының дұрыс ұстанымы деген ойдамын. Мұндай бағытта жұмыстану мемлекеттік қызметтің сапалы және жүйелі атқарылу тәсілі. Аталмыш тәсіл аудан өңірінде де іске асырылып келеді.

2016-2017 жылы аудан бойынша 117 мемлекеттік қызметшінің ішінен ауысу  тәртібімен 5 мемлекетік қызметші ауылдық округ әкімі болып сайланса, 10 мемлекеттік қызметші конкурс арқылы жоғары лаузымдарға тағайындалды. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында  3 мемлекеттік қызметші конкурс негізінде меритократия қағидасы бойынша жоғарылатылды. Жоғары лауазымдар болған кезде барлық мемлекеттік қызметшілерге біліктілік талабы сәйкес келген жағдайда конкурсқа қатысу мүмкіндіктері бар. Конкурстың ашықтығы мен объективтілігін көрсету бағытында байқаушылар мен сарапшылар қатыстырылады.

— Өзіңізге қатысты сұрақ. Өмірдегі ұстанатын ең басты қағидаңыз қандай?

— Ең басты ұстанар қасиетім қоғамға пайда тигізе білу.

Адамға, мұқтаж жандарға қолдан келгенше жақсылық жасау, көмек қолын созу.Аудан басшысы ретінде қызметкерлерден әркім өз міндетіне адалдықпен қарап, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жағын талап етемін.

Бастысы мемлекеттік қызметкерлер «Мемлекеттік қызметкерлердің «Ар-намыс Кодексіне» сай болулары тиіс. Сондай-ақ қызметкерлерден біліктіліктерін арттырып, өз лауазымдық қызметтерін адал тұрғыда атқара білулері тиіс екендігін үнемі баса айтамын.

—        Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Әңгімелескен: Мүсірбек Айташев

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар