19.07.2018, 11:37
Қараулар: 264
Жылжымайтын мүліктерді тіркеу тәртібі

Жылжымайтын мүліктерді тіркеу тәртібі

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» №310 Заңының  9-бабында «Мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімі» көрсетілген. Осы баптың 1 тармағына сәйкес Жеке және заңды тұлғалар құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшін негіз болып табылатын заңдық факт басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілейтін құжаттар берілген кезден бастап алты айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті,-деп көрсетілген.  Яғни осы жағдай бойынша мысалы келтіретін болсақ: Азамат әкімнің шешімімен (қаулысымен) жер алған соң осы әкімнің шешімін (қаулысын) жаңадан жасаған жер актісін әділет органдарына міндетті түрде тіркеуі қажет.     

Ал жеке немесе заңды тұлғалар мерзімін өткізіп алса? 9 бабының 2 тармағы бойынша көрсетілген: Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді бұзуы Қазақстан Республикасының заңында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Егер жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік тіркеу мерзімін өткізіп алса, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстің 460 бабымен белгіленген жауапкершілікке әкеледі. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімін бұзу ҚР ӘҚБК 460-бабының  1 тармағына  сәйкес ескерту жасауға әкеп соғады. Ал егерде жеке немесе заңды тұлғаларға  осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет – ҚР ӘҚБК 460-бабының  2 тармағына  сәйкес айыппұл салуға әкеп соғады.  Жеке немесе заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің “Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы” Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімін бұзуы, — жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (айыппұл 24050 теңге), заңды тұлғалар үшін – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (айыппұл 48100 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады.

Әділет басқармасымен 2018 жылында  мерзімі өтіп, жылжымайтын мүлікті тіркеу туралы 28 фактісі анықталды. Осы тұлғаларға әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара алынды. Осыған сәйкес  Жылжымайтын мүліктерді  мемлекеттік  тіркеу  мерзімі бар екендігін біліп жүрген абзал.

А.Ишангалиева,

Сырым ауданының Әділет басқармасының жетекші маманы