26.07.2018, 17:32
Қараулар: 92
Орманды қорғай білейік

Орманды қорғай білейік

Бұлдырты орманшылығының жер көлемі – 8018 га. Сырым ауданының территориясының 4179 га жер көлемін, Қаратөбе ауданының территориясының 3839 га жерін қамтиды. Орман ағаштарымен көмкерілген және Самара-Шымкент тас жолының жиегіндегі екпе ағаштарға  (лесополоса) түгелдей өртке қарсы минералды жолақтар жасалынды. Дегенмен 2018 жыл  орман қызметкерлері үшін жалпы Батыс өңірінде қолайсыз болып тұр.

Қыста жерде қар аз болды, көктемде жаңбыр болған жоқ. Жаз бойына аптап ыстық. Орманшылықтың  жерлері жан-жағынан екі ауданның шаруа – қожалықтарының жерлерімен шектеседі. Шаруа қожалықтарының басшыларына орманшылық қызметкерлері ескертпе қағаздарын уақытында беріп, өрт қауіпсіздігі жөнінде таныстырылды. Техникаларыңызды техникалық байқаудан өткізулеріңізді және техникада өрт сөндіргіш, сапалақ, сыпырғыш  болса,  су  бүркігішпен (ранец) жабдықталулары тиіс. Қазіргі уақытта шөп шабу, оны тасу нағыз шаруаның қызған кезі. Ескертетін жайт, ыстық, қатты желді күндері шөп шабуды, тасуды тоқтата тұрсаңыздар дұрыс болар еді. Сосын «МТЗ» тракторына «К-700» тракторының (прицеп) тіркемесін тіркейді. Күшке түскен техника өрт қаупін туғызады. Биылғы жылдың өзінде 3-4 рет  өрт  оқиғасы болды. Бұлдырты округ әкімшілігінің Бұлдырты орманшылығының қызметкерлері шаруа қожалықтарының дер кезінде жедел қимылдауынан өрт таралмай сөндірілді. Жақын арада Бұлдырты мен үлкен трасса аралығында өрт болды. Ағашқа түспей уақытында сөндірілді. Жүргізушілерге және жүргіншілерге өтініш, темекілеріңізді терезеден лақтыра салмай өшіріп тастасаңыздар. Жол бойында темекі тартуға арналған орындар бар. Сол орындарда демалып, темекілеріңізді тартсаңыздар.

Егерде осы ескертпелелерді орындамай, өрт қаупін төндіргенде ҚР ӘҚБ туралы кодексінің 367 бабы 1-ші, 2-ші, 3-ші бөлімі бойынша айыппұл салынады.

1 бөлімше. Жеке тұлғаларға 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК.

Сонымен қатар соңғы жылдары ауылымызға газ тартылғалы ұрланып ағаш кесу мүлдем тоқтады. Ағашқа деген сұраныс жоқ. Есесіне мал басы көбейді, тұрғындарға  орман қоры жерлеріне малдарыңызды түсірмеулеріңіз жайлы ескертулер жасалды. Егер орындалмаған жағдайда бұған да тиісті айыппұл салынады.

Ауа райының өте ыстық болып, жаңбырдың жаумауы тіршілік атаулының бәріне  қолайлы болып тұрған жоқ. Алдағы уақытта түзелер деп үміттенеміз. Өрт атаулы, тілсіз жаудан сақтасын.

Ермек  Рахметов,

Бұлдырты орманшылығының  шебері