26.07.2018, 18:04
Қараулар: 389
Шабындықтар шығыммен қуантып жатқан жоқ

Шабындықтар шығыммен қуантып жатқан жоқ

2012 жылы құрылған «Кәрім» шаруа қожалығының негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында орналасқан қожалық кейінгі жылдары малдың басын түрлендіру және ірі қара малды бордақылау жұмыстарымен тұрақты айналыса бастады. Шаруашылық алдағы уақытта жылқы малының басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Жаздың басы салқын болғаны себепті, қожалық биыл шабындыққа жылдағы уақыттан бір айдай кешігіп түсті. Оның үстіне, Жамбыл елді мекенінің оң жақ бетіндегі Тұяқсай мен Қашқын шабындықтарының шығымымен қуантып жатқаны да шамалы.

–        Шабындыққа түскенімізге әлі бір ай болған жоқ. Жылда науқанды тамыз болмай аяқтайтынбыз. 2500–3000 бума шөпті еркін даярлап үлгеруші едік. Биыл бізге ондай бақыт бұйырмай тұр. Шығым төмен. – дейді далалық жұмыстардың басында жүрген қожалықтың басшысы Мирболат Кәрімов.

Қожалық басшысының есебіне қарағанда, биыл шабындық бес есе төмен өнім беріп отыр екен. Басқа жылдары күніне 150 бума шөп дайындалып жүрсе, қазір таңнан кешке дейін 30 – 40 бума шөп әрең буылуда. Дегенмен, шығым төмен екен деп жатқан жамбылдық шаруалар жоқ. Олар еңбек қарқынына қарқын қосып, қандай жағдайда да қожалықтағы малдың қысқы азығын жеткілікті мөлшерде қамдап алуға тырысып  жатыр.

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бүгінгі мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 128 мың гектар шабындық игеріліп, 48 мың тонна өнім алынып үлгеріліпті. Осы арқылы мал азығын дайындау жөніндегі жоспардың 37 пайызы орындалып отыр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Жамбыл ауылы

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар