26.07.2018, 18:12
Қараулар: 18
Отбасы құндылығы – басты байлық

Отбасы құндылығы – басты байлық

2017 жылдың қаңтарынан бастап елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру басталып кетті. Бұған кім, қандай үлес қосуда? Иә, тұжырымдаманы қабылдау бар да, оны жүзеге асыру бар. Осыған байланысты ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат ұлттық комиссиясы бірнеше рет отырыс өткізіп үлгерді.  Мемлекеттік қызмет деңгейінде әйел жұмысшылардың пайыздық мөлшерін арттыру мәселесі жиі көтеріледі. Және бұл орынды да. Мұндағы басты бағыттардың бірі – әйелдер қауымына мансаптық тұрғыдан көтерілуге мүмкіндік беру екендігі айдан анық. 30 жылға дейін басшылық қызмет атқаратын әйелдердің ара салмағын 30 пайызға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Мемлекет бұл бағытта нәзік жанды қауымға барынша жеңілдік жасауда. Және бұл әйелдерге жасалып жатқан жақсылықтың басы ғана. Келешекте жұмысбасты әйелдердің отбасына көңіл бөлуіне мүмкіншілік беру мәселесі  де жоспарлануда.

Елімізде отағасымен арадағы сыйластығын сақтап, туысқандары мен отбасының мықты тірегі, ескі мен жаңаны байланыстыру міндетін өз бойына тоғыстырып, ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған көпке үлгі аналар аз емес.

Міне, Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы туралы айтқанда басқа нәзік жанды қауымға үлгі болатын осындай аналарымызды назардан қалыс қалдырмауымыз керек. Жалпы қазақ әйеліне тән мінез қандай? Қазақ әйелі әуелден жолдасының абыройлы болуына септескен, балаларының тәрбиесі мен болашақтарына жол сілтей білген.  Мұның себебі бар. Егер ер-азамат отбасында сыйлы болса, тиісінше баласы да содан үлгі алады. Қай жерде еркек сыйлы болса, сол жердің отбасы түгел, баласы аман, қызы тәрбиелі, дұрыс отбасы қалыптасады. Біле білсеңіз, қазақ халқының қалыптасуында осы дәстүрлер ұлттық идеологияның негізі болып табылады.  Отбасы, әсіресе гендерлік саясат туралы айтқанда ілгеріде сөз еткен мәселелерді қалыс қалдыра алмаймыз. “Атың жаман болса сойып құтыларсың, әйелің жаман болса қайтып құтыларсың” деген сөзді қазақ бекер айтпаған. Ұлт пен ұрпақтың тағдыры әйелдермен байланысты екенін өмірдің тәжірибесінен алып айтқан.

Алыс-жақын ағайынның арасын біріктіріп, ел намысын қорғап, балаларын соған бағыттап, ерімен тіл тауып одақтасқан әйел ешқашан жаман болмайды. Бұл дәстүр мәңгілік. Ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, ешқашан құндылығынан айырылмайтын дәстүр бұл.

Бұл қазақтың көне заманнан бері қалыптасқан идеологиясы. Оны тек жаңғыртуымыз, жаңартуымыз қажет.  Қазіргі өмірдің ағысы ер-азаматтар мен әйелдерді теңестірді.  Әйелдердің оқып-тоқуына, қоғамдық жұмыстарға араласуына жол ашты. Бәрі де дұрыс. Қоғамнан өз орнын тапқан, үйде де, түзде де сыйлы апа-қарындастарымыз, құдайға шүкір, көп. Біз мұнымен мақтанамыз. Бірақ осыны пайдаланып, үйді ойламай, түзді ойлаумен жүріп, ошақ иесі рөлін әлсіретіп алған әйелдер де баршылық. Демек, барлық жерде тепе-теңділік керек. Теңдік бұзылды екен, тұрақтылық болмайды. Бұл ұрпаққа, тиісінше тұтас ұлттың өсіп-өнуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Жалпы біздің дәстүрімізге жат дүниелер өте көп. Тәнін саудалау, қоқыстағы тастанды бала, әке-шешесінің сөзін тыңдамау… Мұның бәрі біздің бүгінгі өмірімізде көрініс беріп отырғаны жасырын емес. Біз мұнымен қалай күресеміз? Әрине, отбасы құндылығын насихаттау арқылы.

2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында осы мәселелердің барлығы қамтылған. Қазіргі қыз тәрбиесі бағытында мемлекет деңгейінде үлкен жұмыс жүріп жатыр. Қыздарымызды жақсы мінез-құлыққа, отбасылық өмірге үйрететін ауқымды  бастамаларды қолға алу керек.

Ертеңгі болашақ аналардың бойына рухани байлықты дәл осы тәрбие арқылы сіңіруіміз керек-ақ. Отбасындағы әйелдің орны, бала¬ның міндеті дегендей, мәселенің сан қыры бар. Әсіресе, ата – әке – бала үшті¬гі¬нің маңызы ерекше болса керек. Есті әйел өзін отбасы ұйытқысы екенін сезініп, ерімен де, баласымен де, жақсы қарым-қатынас орната білуі қажет. Сол кезде отбасындағы зорлық-зомбылық та, әйелдің гендерлік тепе-теңдігіне де қол сұғылмайды. Дәл осы мағынадағы мақала газетте жарияланып келеді. Мақсат қоғамдық пікір қалыптастыру, әйел-аналарды тірлігін ұқсатып, дөңгелетіп отыруға, отбасы мен қызметті ұштастыра білуге насихаттау.

«Сырым елі» газетінде 2017 жылы отбасы құндылықтарын насихаттау, еңбектегі әйел адамдардың беделін арттыру, бала тәрбиесіне көңіл бөлу сияқты мәселелерге қатысты 13 мақала жарық көрсе, 2018 жылы  9 мақала жарық көрді.  Отбасы институын нығайту, отбасылық қарым-қатынастағы гендерлік теңдік принциптерін нығайту, және бала тәрбиесінде ата-аналардың рөлін күшейту  мәселелері күн тәртібінен түспейді. Сондықтан, бұл тақырыптағы мақалалар аудандық «Сырым елі» газетінде тұрақты жарияланып тұратын болады.

Ш.ХАЛИТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар