2.08.2018, 12:10
Қараулар: 117
Көлік апатынан 7 адамның өмірі қиылды

Көлік апатынан 7 адамның өмірі қиылды

Дүйсенбіге қараған түнгі сағат 03:00 шамасында Самара–Шымкент тас жолының 318 шақырымында аса ірі жол көлік апаты орын алды. Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылының тұсында соқтығысқан ВАЗ Lada PRIORA және ВАЗ 2114 маркалы автөліктері бірден отқа оранып, ішіндегі жолаушылар түгелдей жанып кеткен.

Өңірдегі ақпараттық порталдар түске дейін көлік апатының салдарынан қаза тапқандардың саны 6 адам деген ақпарат тарады. Кейін марқұмдардың саны 7-еу екені белгілі болды. Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің Сырым ауданы әкімдігіне берген ресми мәліметі бұл ақпаратты растап отыр. Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Серікбол Тәжібаевтың айтуынша, көлікте болған азаматтардың дені Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғындары екен. ВАЗ 2114 маркалы автокөлігінде болған екі азамат Аралтөбе ауылының тұрғыны болып шықты. Марқұмдардың ішінде ерлі-зайыптылар бар көрінеді.

Көліктердің қалай соқтығысқаны, оттың не себептен шыққаны туралы білу үшін Сырым аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Сұлтан Шалдарбековке жолыққанбыз. Бөлім бастығының орынбасары тергеу амалдарының жүріп жатуына байланысты қандай бір ақпарат бере алмайтынын айтты.

 

Бауыржан

ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар